Скопье, 2025 жылғы 30 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Солтүстік Македония Республикасындағы Елшісі Сатыбалды Бұршақов Скопьедегі «INOVA» Инновациялар, ғылыми-техникалық даму және кәсіпкерлік агенттігінің басшылығымен және сарапшыларымен кездесті.
Кездесу барысында елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалар, Қазақстанның инвестициялық әлеуеті, екі елдің экономикасын дамытудың басым бағыттары, сондай-ақ инновациялық саладағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды.
Елші Қазақстанның экономика, инновация, цифрландыру және орнықты даму саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылысын атап өтіп, Солтүстік Македонияның іскер қоғамдастығымен диалогты кеңейтуге мүдделілігін білдірді.
Қазақ дипломаты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы негізгі бағыттармен таныстырды. С.Бұршақов жаңа Жолдаудың тұжырымдамалық фреймі елдің терең цифрлық трансформациясы, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру, оны ауқымды құрылымдық жаңғырту, сондай-ақ экономикалық және саяси реформалардың берік ғылыми және заңнамалық базасын құру идеясы болғанын атап өтті.
Елші Президент таяудағы үш жыл ішінде Қазақстанның толыққанды цифрлық елге айналуын аса маңызды стратегиялық міндет деп мәлімдегеніне назар аударды. Бұл бағытты үйлестіру үшін жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылғаны аталып өтті.
Агенттік басшылығы еліміздің цифрландыру саласындағы жетістіктеріне оң баға беріп, инновациялар, цифрландыру және электрондық үкімет саласындағы тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға қызығушылық білдірді.