Лиссабон, 2025 жылғы 2 қазан – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айқындалған міндеттер аясында ҚР Португалиядағы Елшісі Жан Ғалиев Еуропаның жетекші технологиялық орталықтарының бірі «Taguspark» ғылыми-технологиялық паркінің Бас директоры Эдуарду Баптишта Коррейамен кездесті.
Кездесу барысында қазақ дипломаты Мемлекет басшысы белгілеген ел экономикасының барлық салаларын цифрландыру және жасанды интеллектті кеңінен енгізу жөніндегі стратегиялық міндеттер туралы ақпарат берді.
Тараптар IT-индустриядағы ынтымақтастықты дамытудың, инновациялық стартаптар мен жоғары технологиялық жобаларды іске асырудың болашағын талқылады.
«Taguspark» басшылығы Қазақстанның осы бағыттағы күш-жігерін жоғары бағалап, өзара тиімді серіктестік орнатуға дайын екенін білдірді. Сұхбат барысында тәжірибе алмасу мен технологиялар трансферті, сондай-ақ ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект салаларындағы білім беру бағыттарында серіктестік орнату мүмкіндіктері аталып өтті.
Лиссабон агломерациясының қарамағындағы Оэйраш муниципалитетінде орналасқан «Taguspark» ғылыми-технологиялық паркі – Еуропадағы инновация мен зерттеудің ірі орталықтарының бірі. Онда ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, телекоммуникациялар, электроника, жасыл энергетика және биотехнология сияқты салалар бойынша ғылыми-зерттеу зертханалары, бизнес-инкубаторлар мен стартап-компаниялар шоғырланған.