Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің қорытындылары Эфиопияда сарапшылар кездесуінде талқыланды

Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің қорытындылары Эфиопияда сарапшылар кездесуінде талқыланды

Аддис-Абеба, 2025 жылғы 2 қазан – Қазақстан Республикасының Эфиопиядағы Елшілігінде 17-18 қыркүйекте Астанада өткен «Діндер диалогы: болашақ үшін синергия» тақырыбындағы VIII Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің қорытындыларына арналған сарапшылар кездесуі өтті.

Эфиопияның Дінаралық кеңесімен бірлесіп ұйымдастырылған іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, елдегі негізгі діни конфессиялардың рухани лидерлері, сондай-ақ мәдениетаралық және конфессияаралық диалог мәселелерін зерттейтін сарапшылар, журналистер және академиялық топтар қатысты.

Өз сөзінде Қазақстанның Елшісі Жалғас Әділбаев Қазақстан бастамашы болған Съездің әлемнің әртүрлі елдерінен 100-ден астам делегацияны біріктірген бірегей халықаралық платформаға айналғанын атап өтті. «Астанадағы VIII Съездің Декларациясы жаһандық тұрақтылық пен ынтымақтастықты нығайтудағы тиімді құрал ретіндегі діни дипломатияның маңыздылығын растады. Қазақстан әрқашан мейірімділік, әділдік және өзара құрмет сияқты рухани құндылықтар халықаралық қарым-қатынастардың негізіне айналуын жақтады», – деді Елші.

Негізгі баяндаманы Съезге алғаш рет қатысқан Эфиопияның Дінаралық кеңесінің Бас хатшысы Лике Тигухан Тагай Таделе жасады. Ол Съезде қабылданған шешімдердің Африка құрлығының алдында тұрған сын-қатерлермен үндес екенін атап өтті.

«Бүгінгі таңда әлем қақтығыстар, экстремизм, климаттың өзгеруі сияқты жаңа сындармен бетпе-бет келгенде, біз ынтымақтастық пен өзара қолдауға негізделген ортақ шешімдерді іздеуіміз керек. Қазақстан дінаралық диалогтың рухани бірлікке ғана емес, сонымен қатар тұрақты дамуға да практикалық үлес қоса алатынын көрсетті», – деп мәлімдеді Тагай Таделе.

Эфиопияның Съезге қатысуы елдің әлемдік діндер мен рухани дәстүрлердің ежелгі орталықтарының бірі ретіндегі рөлін көрсетті және Эфиопиядағы әртүрлі конфессиялардың бірегей қатар өмір сүру және өзара іс-қимыл тәжірибесін халықаралық қоғамдастыққа жеткізуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар бұл оқиға Эфиопияның Астанада басталған жаһандық дінаралық диалогқа қосылуының айқын белгісі болды.

Осы тұрғыда Африка бойынша аймақтық директор Елші Мусси Хайлу сөз сөйлеп, Эфиопияның Дінаралық кеңесі мен Съезд Хатшылығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою мәселесін қарастыруды ұсынды.

Іс-шараның соңында сарапшылар кездесуіне қатысушылар Съездің қорытындылары, сондай-ақ Астана мен Аддис-Абеба арасындағы конфессияаралық диалогты одан әрі дамыту перспективаларына қатысты пікірлерімен алмасты.