Торонтода Қазақ мәдениеті орталығы ашылды

Торонтода Қазақ мәдениеті орталығы ашылды

Торонто, 2020 ж. 10 желтоқсан – Канаданың ең ірі қаласы Торонтода Қазақстан Консулдығында «Қазақ мәдениеті мен қазақстандықтар орталығы» ашылды. Онлайн форматта өткен шара Тәуелсіздігіміздің 29 жылдығына орайластырылды.

Қазақстанның Канададағы Елшісі Ақылбек Камалдинов диаспораны көптен күткен қазақ мәдениеті орталығының ашылуымен құттықтап, бұл іс-шара Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы және композитор Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығы аясында өткені ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

«Елшілік Орталықты қазақ диаспора өкілдері мен Канаданың әртүрлі қалаларында тұратын қазақстандықтар үшін, сондай-ақ қазақ халқының тілі, мәдениеті, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарымен тереңірек танысқысы келетін канадалықтар үшін ашып отыр», - деді отандық дипломат.

Орталықта қазақ тілін оқу мен мәдениетімен танысумен қатар, Канададағы отандастарымызды біріктіру мен жақындасуға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізіледі.

Ашылу рәсімінде Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Марат Мақсұтов Абайдың әндерін шырқап, кездесу қонақтарын өз өнерімен риза қылды. Қазақ диаспорасының өкілі, әнші Әлия Седекқызы іс-шараға қатысушыларды бұлбұл дауысымен тәнті етті, ал домбырашы Қыранбек Алтанұлы домбыраны шеберлікпен ойнауымен және әндерімен кең байтақ қазақ даласының рухын жеткізе білді. Қазақ диаспорасы өкілдерінің балалары Абайдың өлеңдерін қазақ, ағылшын, француз және орыс тілдерінде оқыды.

Бейресми санақтарға сүйенсек, қазіргі кезде Канададағы қазақ диаспорасының саны 12 мыңнан астам адамды құрауы мүмкін. Олардың көпшілігі Канададағы – Торонто, Монреаль, Ванкувер, Калгари және Оттава секілді ірі қалаларда тұрады.