Рияд, 2025 жылғы 2 қазан – Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезін талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Дүниежүзілік ислам лигасының қызметкерлері, Сауд Арабиясының жетекші талдау орталықтарының сарапшылары, сондай-ақ «әр-Рияд», «әл-Йаум», «әл-Жазира», «әс-Сада ньюс» сияқты жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Қазақстанның Елшісі Мадияр Меңілбеков өз сөзінде Съездің халықаралық аренадағы ерекше маңызына тоқталды. Ол Қазақстанның бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайтуға, дінаралық және өркениетаралық диалогты дамытуға бағытталған бастамалары әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланатынын атап өтті. Елші Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін тұрақты диалог алаңы ретінде дамытуға баса мән беретіндігін жеткізді.
Іс-шара барысында қатысушылар Қазақстан бастамаларының өзектілігі мен халықаралық деңгейдегі маңыздылығын талқылады. Саудтық сарапшылар Қазақстанның бейбітшілік пен келісім идеяларын ілгерілетудегі рөлін жоғары бағалап, елдің тәжірибесі бүкіл ислам әлемі үшін маңызды екенін мәлімдеді.
Дөңгелек үстел аясында Дүниежүзілік ислам лигасының Стратегиялық серіктестік жөніндегі бас директоры Шайма Алукмани сөз сөйлеп, лига Бас хатшысы Мұхаммед әл-Исаның атынан іс-шараға жоғары баға берді. Ол Қазақстан бастамаларының заманауи сын-қатерлерді еңсеруде және өркениетаралық үнқатысуды дамытуда ерекше маңызға ие екенін атап өтті.