Бангкок, 2025 жылғы 2 қазан –Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия және Тынық мұхиты өңіріне арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (АТМЭӘК) жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Марғұлан Баймұхан комиссияның Бангкоктағы штаб-пәтерінде БҰҰ Бас хатшысының орынбасары әрі АТМЭӘК Атқарушы хатшысы Армида Салсия Алисджабанамен кездесті.
Кездесу барысында Елші Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтауын және ізгі тілектерін жеткізді.
Сонымен қатар Елші Мемлекет басшысының Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 80 жылдық мерейтойлық сессиясындағы сөйлеген сөзінің негізгі тұстарымен таныстырып, жаһандық бейбітшілік, тұрақты даму, өңірлік ынтымақтастық, ішкі реформалар, жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді енгізу мәселелеріндегі Қазақстанның көзқарасы мен басымдықтарын атап өтті.
Тұрақты өкіл Қазақстанның көпжақты ынтымақтастыққа берік бейілділігін және АТМЭӘК-пен үш онжылдықтан астам уақыттан бері орныққан өзара тиімді серіктестіктің тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті.
Тараптар Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастық мәселелерін талқылап, Азия-Тынық мұхиты аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен интеграциясында өңірдің маңызды рөлін ерекше атап өтті. Қазақстандық дипломат Орталық Азияның Еуропа мен Азияны жалғайтын стратегиялық дәнекер ретіндегі артықшылығын тиімді пайдалануда келісілген күш-жігердің маңыздылығына назар аударды.
Сондай-ақ Қазақстанның ұйым шеңберіндегі бастамалары, соның ішінде Алматы қаласында орныққан дамуға арналған АТМЭӘК Цифрлық шешімдер орталығын құру жобасы қарастырылды. Бұл флагмандық бастама цифрлық трансформацияны жеделдетуге, тәжірибе, білім және технологиялар алмасуды ілгерілетуге бағытталған.
Елші Қазақстанның АТМЭӘК-ті инклюзивті диалог, консенсус қалыптастыру және әлеуметтік-экономикалық өлшемде өңірлік ынтымақтастық үшін сенімді алаң ретінде қарастыратынын да атап өтті.
Жақын болашақтағы жоспарлар ретінде тараптар көлік және логистика, энергетика, қоршаған ортаны қорғау, сауданы ілгерілету және әсіресе Орталық Азия үшін өзекті болып отырған су ресурстарын тұрақты басқару бағыттары бойынша ынтымақтастықты кеңейту ниетін атап өтті.
Кездесу қорытындысында қазақстандық дипломат Қазақстанның АТМЭӘК-тің Азия-Тынық мұхиты өңірінде тұрақты әрі инклюзивті дамуды ілгерілету жөніндегі жұмысына елеулі үлес қосуға бейілділігін тағы да растады.