Ыстанбұл, 2025 жылғы 1 қазан – Ыстанбұлда өткен 4-ші Халықаралық сенімді өнімдер форумы аясында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, онда Қазақстанның инвестициялық және экспорттық әлеуеті таныстырылды.
Іс-шара халықаралық инвестициялық және сауда ынтымақтастығын жеделдетіп дамытуға, сондай-ақ қазақстандық өндірушілердің шетел нарықтарына шығу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулы Нұриддин Аманқұл шетелдік инвестицияларды өңдеу өнеркәсібі мен қосылған құны жоғары салаларға тартудың стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларды қазақстандық экспорттаушыларға мемлекеттік қолдау шараларымен және отандық өнімді шетелде ілгерілету бағытындағы жұмыстармен таныстырды.
Аталған форум Түркияның Сауда, Ауыл және орман шаруашылығы министрліктері, сондай-ақ Парламенттің ауыл шаруашылығы жөніндегі комиссиясының қолдауымен ұйымдастырылды.Іс-шараға 12 елден өкілдер, мемлекеттік органдар мен іскер топтар қатысты. Форум аясында өнеркәсіптің әртүрлі салалары мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің шамамен 300 ірі өндірушісінің көрмесі ұсынылды.
Сонымен қатар жеке панельдік сессияларда өнім сапасы, стандарттар және қауіпсіздік мәселелері талқыланып, тұрақты дамуды қамтамасыз етуге бағытталған инновациялық жобалар мен шешімдер ұсынылды.
“Güvenilir Ürün Platformu” – жетекші түрік компанияларын, академиялық және сарапшылық орталарды біріктіретін тәуелсіз бизнес-платформа. Ұйым – 1000-нан астам мүшені қамтиды және Түркия нарығында орнықты өндірісті, адал сауданы және сапалы өнімдерді ілгерілетудегі негізгі алаңдардың бірі.