Үндістан мен Қазақстан мәдениет саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Үндістан мен Қазақстан мәдениет саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Нью-Дели, 2025 жылғы 30 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Үндістандағы Елшісі Азамат Есқараев Үндістанның мәдениет министрінің орынбасары Вивек Аггарвалмен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту келешегін, сондай-ақ осы саладағы бірлескен бастамаларды іске асыру мүмкіндігін талқылады.

Елші А.Есқараев Қазақстан мен Үндістан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 33 жыл толғанын, сондай-ақ Қазақстан Үндістанмен екі ел халықтарының арасындағы байланыстармен ерекшеленетін өзінің ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестігін жоғары бағалайтынын атап өтті.

Сонымен бірге Қазақстандық дипломатиялық миссияның басшысы Астанадағы Свами Вивекананда мәдени орталығына ұқсас Үндістанның Нью-Дели немесе Мумбаи қалаларында Абай атындағы мәдени орталықты ашу, сондай-ақ Нью-Делидегі көшелердің біріне қазақтың ұлы тұлғаларының бірінің атын беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Министрдің орынбасары Юнеско-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне Үндістан мен Қазақстанның тарихи объектілері бойынша бірлескен номинациялар бағытындағы мәселелерді іске асыру мүмкіндіктерін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі елдің музей, театр және кино индустрия салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған шараларды іске асыру бойынша уағдаластыққа қол жеткізді.