Президенттің жолдауы “Қазақстан – Мексика” Достық тобының отырысында талқыланды

Президенттің жолдауы “Қазақстан – Мексика” Достық тобының отырысында талқыланды

Мехико, 2025 жылғы 30 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Мексика Құрама Штаттарындағы Елшілігі Мексика Бас конгресі Депутаттар палатасының 66-шы шақырылымы аясында құрылған жаңа «Қазақстан – Мексика» парламенттік Достық тобының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Іс-шара барысында Достық тобының төрайымы, мексикалық депутат Марибель Мартинес Руис және Қазақстанның Мексикадағы Елшісі Алмұрат Тұрғанбеков сөз сөйледі.

Спикерлер Қазақстан-Мексика қатынастарының тұрақты дамып келе жатқанын атап өтіп, екіжақты ынтымақтастықты саяси, сауда-экономикалық, мәдени, білім беру, туризм және спорт салаларында кеңейту үшін зор әлеует бар екеніне сенім білдірді.

Екі ел арасындағы байланыстарды нығайтудың маңызды механизмдерінің бірі ретінде парламентаралық диалогты дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл өз кезегінде екіжақты өзара іс-қимылға қосымша серпін беретін болады.

А.Тұрғанбеков Достық тобын құру бастамасы үшін мексикалық тарапқа алғысын білдіріп, бұл қадам екі елдің ынтымақтастықты нығайтуға бейілділігінің айқын дәлелі екенін баса айтты.

Қазақ дипломаты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған қыркүйектегі Жолдауының негізгі ережелерімен мексикалық парламентарийлерді таныстырды. Жолдауда «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын басшылыққа алған саяси өзгерістердің қорытындысы жасалғанын атап өтті. Сондай-ақ 2027 жылы бір палаталы парламентке көшу және ұлттық референдум өткізу жоспарлары туралы хабардар етті.

Қазақстан мен Мексиканың даму стратегияларының ұқсастығына тоқтап, Елші Қазақстан Үкіметінің цифрлық технологиялар саласындағы басымдықтары, ІТ және жасанды интеллект бағытындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктері туралы хабарлады. Ол алдағы үш жылда еліміз цифрлық мемлекетке айналуды көздеп отырғанын: Цифрлық кодекс әзірлеуді, жасанды интеллектіні экономиканың және мемлекеттік басқарудың барлық саласына енгізуді жоспарлап отырғанын атап өтті. Осы міндеттерді іске асыру үшін ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылғанын жеткізді.

Сонымен қатар мексикалық тарапқа Қазақстанның іскерлік және инвестициялық әлеуеті таныстырылып, «Kazakhstan: Born Bold» атты халықаралық имидждік науқан туралы бейнеролик көрсетілді.

Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар тұрақты әрі тығыз байланыстарды қолдап, парламентаралық өзара іс-қимыл аясында екіжақты ынтымақтастықты нығайту үшін бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.