Иордания Сенатында Қазақстанмен парламентаралық өзара іс-қимылды жандандыру мәселелері талқыланды

Иордания Сенатында Қазақстанмен парламентаралық өзара іс-қимылды жандандыру мәселелері талқыланды

Амман, 2025 жылғы 1 қазан – Иордан Хашимит Корольдігі Парламентінің Сенатында Қазақстан Республикасының Иорданиядағы Елшісі Талғат Шалданбайдың Сенат төрағасы Фейсал Әл-Фаизбен кездесуі өтті.

Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. 2025 жылы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Амман қаласына және Иордания Королі Абдалла II-нің Астана қаласына жасаған сапарларының маңызы аталып өтті. Парламенттік дипломатияға ерекше назар аударылды. Тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды ілгерілетудің пәрменді механизмі ретінде парламентаралық өзара іс-қимылды, оның ішінде парламенттік достық топтары форматында жандандыру қажеттігін растады.

Кездесу барысында Король Абдалла II басшылығындағы Иорданияның Таяу Шығыстағы «тұрақтылық оазисі» мәртебесін сақтай отырып, саяси және экономикалық жаңғырту бағытын жалғастыруда екендігі аталып өтті. Сонымен қатар Қазақстанда жүзеге асырылудағы цифрландыру, энергетика, көлік-логистикалық инфрақұрылым және әлеуметтік жаңғырту салаларындағы ауқымды реформалар таныстырылды.

Елші Президенттің 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында баяндалған стратегиялық міндеттерді жеткізді. Бағдарламалық құжаттың ел экономикасын жаңғыртуға, инновацияларды белсенді енгізуге және әділ қоғам қалыптастыруға бағытталғанына назар аударылды.

Диалог сындарлы атмосферада өтіп, екі елдің саяси, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға деген өзара ниетін растады.