Страсбург, 2025 жылғы 30 қыркүйек – Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының (ЕКПА) күзгі сессиясы аясында «Қазақстанның өркендеу жолы: демократиялық реформалар және парламенттік дипломатия арқылы бірлік» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға ЕКПА депутаттары, Еуропа Кеңесінің басшылығы, халықаралық зерттеу орталықтарының өкілдері және дипломатиялық корпус қатысты.
Іс-шарада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, ЕКПА Вице-Президенті Элизабетта Гардини, ЕКПА-ның Қазақстан бойынша баяндамашысы Жолт Немет, Еуропадағы Перспективалық және Қауіпсіздік Институтының Президенті Эммануэль Дюпюи, Швейцария халықаралық істер форумы Вице-президенті Давид Чикваидзе, Жаңа Еуразия обсерваториясының Теңқұрушысы Микаэль Левистон, Францияның Халықаралық және Стратегиялық Зерттеулер Институтының директоры Лукас Обен сөз сөйледі.
Қатысушылар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» құруға бағытталған бастамаларының жүзеге асырылу барысын талқылады. Оның басты басымдықтары – биліктің ашықтығы мен есептілігі, азаматтардың құқықтары мен қадір-қасиетін қорғау, сондай-ақ инклюзивті және транспарентті басқаруды дамыту. Парламенттік дипломатияның ұлттық бірлікті нығайтудың, қоғамдағы диалогты дамытудың және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудің құралы ретіндегі рөліне ерекше назар аударылды.
Талқылау барысында Қазақстанда жүргізілген конституциялық және заңнамалық реформалар, соның ішінде суперпрезиденттік басқару жүйесінен ықпалды Парламенті мен есеп беретін Үкіметі бар президенттік республикаға көшу, елдің демократиялық трансформация жолындағы маңызды қадам болғаны аталып өтті.
Халықаралық сарапшылар, Еуропа Кеңесі мен ЕКПА өкілдері Қазақстанның құқық қорғау тәжірибесін жетілдіру, құқық үстемдігін нығайту және демократиялық институттарды дамыту саласындағы ілгерілеуін жоғары бағалап, ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екендіктерін растады.