Ипр мен Семей: естелік пен бейбітшілік жолындағы бауырлас қалалар

Ипр мен Семей: естелік пен бейбітшілік жолындағы бауырлас қалалар

Ипр, Бельгия, 2025 жылғы 26 қыркүйек – Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы бекіткен Ядролық қаруды толық жоюдың халықаралық күніне орай Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко Фландрия өңіріндегі Семей қаласының бауырласы табылатын Ипр қаласына барды.

Елшінің Ипр мэрі Катрин Десомермен бірге Қазақстан 2010 жылы Ипрге сыйға тартқан ядролық сынақтар мен техногендік апаттар құрбандарына арналған ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі сапардың негізгі сәті болды. Мемориал жанындағы минуттық үнсіздік Қазақстан мен Бельгияның бейбітшілік пен қарусыздануға деген ортақ ұмтылысын айқындады.

«Қазақстан үшін ядролық қарусыздану тақырыбы тек тарихи мұра ғана емес, сонымен бірге болашаққа бағыт беретін маңызды бағдар. Семейдің тәжірибесі бізге өткеннің қасіреті ядросыз әлем құру үшін сабақ болуы тиіс екенін еске салады», – деді Елші рәсім барысында.

Мэрдің шақыруымен қазақ делегациясы 1928 жылдан бері күн сайын өткізіліп келе жатқан Бірінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандарды еске алу рәсіміне де қатысты. Бұл дәстүр бейбітшіліктің құндылығы халықтарды біріктіретін ортақ жауапкершілік екенін көрсетті.

Сапар аясында ҚР Елшісі Ипр мэрі Катрин Десомермен жеке кездесу өткізді. Тараптар Семеймен бауырластық байланыстарды тереңдету, мәдениет пен білім салаларындағы ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ экономика және тұрақты даму саласындағы ықпалдастық мүмкіндіктерін талқылады.

Р. Василенко Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айқындалған жасыл экономика, цифрлық технологиялар және логистика сияқты жаңа бастамалардың Фландрияның агроөнеркәсіп, инновация және орнықты энергетика саласындағы басымдықтарымен үндес екеніне назар аударды.

Өз кезегінде Ипр мэрі Катрин Десомер: «Ипр – соғыстың қасіреттерін бастан өткерген естелік қаласы. Біз үшін Семеймен әріптестік бейбітшілік пен ынтымақтастық идеясын іске асыратындығы маңызды. Біз қалаларымызды біріктіре алатын мәдени және білім беру жобаларында үлкен әлеуетті көріп отырмыз», - деп атап өтті.

Сапар барысында бауырластықтың мәдени бағытына ерекше назар аударылды. Ұлы қазақ ақыны және ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Елші Ипр қалалық кітапханасына Абай шығармаларының фламанд және француз тілдеріндегі жинағын сыйға тартты. Бұл халықтарымыз арасындағы мәдени алмасу мен рухани жақындықтың нышаны болды.