Рига, 2020 жылдың 10 желтоқсаны – Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175-жылдығы аталып өтіп жатқан мерейтойлық жылда оның латыш тіліндегі «Қыран қабақ» атты бірегей өлеңдер жинағықайта жарық көрді.
Бұл жинақ алғаш рет Латвияда 1970 жылы басылды. Сол кездегі белгілі жергілікті әдебиетшілердің бір тобы латыш оқырманына аударманың шынайлығы ғана емес, сонымен бірге ақын шығармашылығының бүкіл тереңдігі мен өзіндік ерекшелігін, оның гуманистік, философиялық және адамгершілік көзқарастарын, рухтың материалдық құндылықтардан үстем болуына деген ұмтылысын жеткізе білді. Жинаққа азаматтық лирика, табиғат, отбасылық құндылықтар, дүние мен адам тағдыры туралы ойларын жеткізген өлеңдері енгізілді. Құрастырушылар оған «Қыран қабақ» деген мағыналы атау берді. Жинақтың алғашқы басылымының тағдыры – өте ерекше. Бірден дерлік бұл сирек кездесетін басылымдардың біріне айналды. Көптеген жылдар бойы Латвия университетінің академиялық кітапханасының сирек кездесетін кітаптар мұрағатында бірнеше даналары сақталды.
Ригадағы Қазақстан Елшілігінің тікелей қолдауымен «Қыран қабақ» жинағын қайта басып шығару үшін арнайы шығармашылық топ құрылды. Құрамына редакторлар, суретшілер, аудармашылар және полиграфия саласындағы мамандар кірді. Аталған топ Абай шығармалары латыш оқырманының ыстық ықыласына және шынайы қызығушылығына тағы бір мәрте бөлінетініне сенімді. Ұлы Абайдың сөзі Қазақстан мен Латвия арасындағы мәдени көпірдің тағы да бір тірегіне айналады деген үміт бар.
Желтоқсан айының басында Латвияның ең танымал күнделікті газеттерінің бірі «Diena» өз бетінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына және «Қыран қабақ» жинағын қайта бастыруға арналған арнайы мақала жариялады.