Афинада Президент Жолдауы аясында Қазақстанның инвестициялық әлеуеті таныстырылды

Афинада Президент Жолдауы аясында Қазақстанның инвестициялық әлеуеті таныстырылды

Афина, 2025 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстанның Грекиядағы Елшілігінде Қазақстан мен Грекия арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты дамыту перспективаларына арналған конференция өтті. Қазақстан-грек іскерлік кеңесі және «NOTICE Content & Services» компаниясымен бірлесіп ұйымдастырылған бұл іс-шара грек іскерлік қауымдастығына Қазақстанның инвестициялық және экономикалық әлеуетін таныстыруға, сондай-ақ екіжақты әріптестіктің жаңа бағыттарын талқылауға мүмкіндік берді.

Іс-шараға Грекия мемлекеттік органдарының, іскерлік бірлестіктері мен екі елдің компанияларының өкілдері қатысты. Қатысушыларға Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Султанғожин, Enterprise Greece өкілі және Қазақстан-грек іскерлік кеңесінің тең-төрағасы Томас Ламнидис сөз сөйледі. «Kazakh Invest» компаниясының Еуропадағы өңірлік өкілі Улбосын Сарыбаева шетелдік инвесторларды қолдау тетіктері мен Қазақстандағы өзекті инвестициялық мүмкіндіктер туралы шолуын ұсынды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауының негізгі қағидаттары – цифрландыру мен инновациялық даму, экономиканы әртараптандыру, елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру, көлік-логистикалық және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ саяси реформаларды тереңдетуді көздейтін мәселелер ерекше назарда болды.

Елші Қазақстанның жоғары технологиялық жобаларға, білім трансферіне және грек серіктестерімен бірлескен бастамаларға бағытталған ынталандырулар мен кешенді қолдау көрсетуге әзірлігін атап өтіп, ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергетика, АКТ, фармацевтика және туризм салаларына тоқталды. Іс-шара аясында қатысушыларға халықаралық «Born Bold» кампаниясы таныстырылды.

Конференцияға қатысушылар бизнес пен мемлекет арасындағы тікелей диалогтың маңыздылығына тоқтала келе, Қазақстан мен Грекия арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі нығайту мен әртараптандыру аталған бағытта берік негіз боларына сенім білдірді.