Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының Замбияның сауда саясатын шолу жөніндегі отырысына төрағалық етті

Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының Замбияның сауда саясатын шолу жөніндегі отырысына төрағалық етті

Женева, 2025 жылғы 23-25 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаевтың төрағалығымен Замбия Республикасының бесінші Сауда саясатын шолу (ССШ) ДСҰ Сауда саясатын шолу органының аясында өтті.

Шолу барысында Замбия жүргізіліп жатқан экономикалық және институционалдық реформалар туралы ұлттық баяндамасын ұсынып, ДСҰ мүшелерінің көптеген сұрақтарына жауап берді. ДСҰ Хатшылығы 2016 жылдан бергі елдің макроэкономикалық жағдайы мен сауда саясатының динамикасын қамтыған талдамалық есеп дайындады.

Көптеген делегациялар Замбияның макроэкономикалық тұрақтылықты қалпына келтіру, сыртқы қарызды «G20 ортақ шеңберлік бағдарлама» аясында қайта құрылымдау, сондай-ақ экономикасын тау-кен секторынан тыс әртараптандыруға бағытталған күш-жігерін атап өтті. Ерекше назар ауыл шаруашылығын, өңдеу өнеркәсібін, қызметтер мен туризмді дамыту шараларына аударылды.

ДСҰ мүшелері сауда және инвестиция саласындағы реформаларды, оның ішінде 2022 жылы қабылданған «Инвестициялар, сауда және бизнесті дамыту туралы заң» мен 2018 жылғы «Шекаралық басқару және сауданы жеңілдету туралы заңды» жоғары бағалады. Электрондық «бірыңғай терезе» жүйесінің енгізілуі, кедендік рәсімдерді жаңғырту, «one-stop» (бірыңғай шекаралық бекеттер) құрылуы және шағын және орта бизнесті қолдауға арналған цифрлық шешімдер де оң бағаланды.

Атап өтілген тағы бір маңызды қадам – жұмыспен қамтуды арттыруға, экономикалық трансформацияға және климаттық сын-қатерлерге төзімділікті нығайтуға бағытталған Сегізінші ұлттық даму жоспары (2022–2026). Сондай-ақ, делегациялар 2025 жылғы қыркүйекте күшіне енген ДСҰ-ның Балық шаруашылығына субсидиялар туралы келісімін Замбияның ратификациялағанын құптады.

Қорытынды сөзінде Сауда саясатын шолу органының төрағасы, Қазақстанның Тұрақты өкілі Қ. Төребаев ДСҰ мүшелерінің Замбия реформаларына зор қызығушылығын атап өтіп, макроэкономикалық жетістіктерді инклюзивті өсімге, кедейлікті азайтуға және орнықтылықты арттыруға айналдырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Қазақстанның Тұрақты өкілі Замбияға белсенді қатысқаны және конструктивті диалог үшін алғыс білдіріп, жоспарланған реформаларды іске асыруда табыс тіледі.

Сауда саясатын шолулар көпжақты сауда жүйесінде ашықтық пен болжамдылықты қамтамасыз етудің маңызды құралы болып табылатынын атап өткен жөн. Келесі Сауда саясатын шолу 2025 жылғы 15 және 17 қазанда Шри-Ланка сауда саясатына арналады.