Анкара, 2025 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінде өткен брифингте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы талқыланды.
Іс-шараға сарапшылар, саясаттанушылар, жергілікті әкімшілік, ғылым, бизнес, БАҚ өкілдері қатысты.
Елші Еркебұлан Сәпиев қатысушыларды цифрландыру, жасанды интеллектті енгізу, инвестиция, ауыл шаруашылығын дамыту секілді Жолдаудың негізгі бағыттарымен таныстырды. Іс-шара барысында Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Түркияға сапары және екіжақты кеңейтілген жоғары стратегиялық ынтымақтастықтың дамуы аталып өтті.
Истинйе университетінің проректоры, профессор Максут Жошкун Қазақстан мен Түркияның арасындағы ынтымақтастық тарихын баяндап, Жолдаудың бастамалары екі елдің байланыстарын күшейтуге жаңа мүмкіндіктер ашатынын жеткізді.
Өз кезегінде, сарапшылар Президенттің жаңашыл бастамаларын жоғары бағалап, жасанды интеллектті толыққанды енгізудің, заң жүзінде бекіту аясындағы Цифрлық кодекстің маңыздылығына тоқталды.
Бизнес өкілдері Жолдаудағы инвесторлардың құқығын қорғау бойынша бастамалар елімізге инвестицияның келуіне жол ашатыны туралы пікір білдірді. Саясаттанушылар парламенттің бір палаталық жүйеге көшуі туралы бастаманы халықтың талқысына салу нағыз демократиялық мемлекеттің көрсеткіші екенін жеткізді.
Жиынды қорытындылай келе қонақтар Жолдаудың кешенділігін, нақтылығын сипаттай отырып, көтерілген мәселелер тез арада іске асырылатынына сенім білдірді.