Киев, 2025 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Елшісі Төлежан Барлыбаев екі ел арасындағы іскерлік ынтымақтастықты дамытудың ахуалы мен болашағын талқылау мақсатында Украина Сауда-өнеркәсіп палатасының Президенті Геннадий Чижиковпен кездесті.
Қазақ дипломаты ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауындағы еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуының негізгі міндеттері туралы айтып берді. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы аясында жоғары деңгейде өткен қазақстандық-украиналық кездесуі барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мақсатында экономика мен сауда салаларындағы екіжақты байланыстарды кеңейту болашағы қаралды.
Сауда-өнеркәсіп палатасының Президенті Г.Чижиков украин тарапының Қазақстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кең ауқымды бағыты бойынша өзара іс-қимылды дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінде Украина Сауда өнеркәсіп палатасы мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған, қазақстандық және украиналық агрокомпаниялардың қатысуымен «Қазақстан мен Украина: агроөнеркәсіп кешені саласындағы өзара іс-қимылдың мүмкіндіктері» атты бейнеконференцияның табысты нәтижелері аталып өтті.
Қазақстан Республикасының агроиндустриялық аймақтарын, агрохабтар мен логистикалық орталықтарын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, сүт өнеркәсібі, мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды іске асыру бойынша ынтымақтастықты орнату туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.