Сиань, 2025 жылғы 25 қыркүйек — Сиань қаласында «Еуразиядағы жаңа қозғаушы күштерді біріктіру, тұрақты дамуға бірге қол жеткізу» тақырыбында Еуразиялық экономикалық форумы өтті. Іс-шараны Еуразия экономикалық форумы мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі хатшылықтары Шэньси провинциясының халық үкіметімен бірлесе ұйымдастырды.
Форумға 40 елден 500-ден астам өкіл, оның ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы мемлекеттері, «Бір белдеу, бір жол» бастамасына қатысушы елдер, сондай-ақ Орталық, Оңтүстік және Батыс Азия мемлекеттерінің үкімет басшылары мен министрлері, халықаралық туристік ассоциациялар, жетекші компаниялар мен БАҚ өкілдері қатысты. Қытай тарапынан іс-шараға Қытай Халық Республикасының Бүкілқытайлық халық өкілдері жиынының Тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Ло Санцзяньчунь қатысты.
Іскерлік бағдарлама аясында пленарлық отырыс пен 13 тақырыптық сессия өтті. Олар көлік, логистика, тау-кен өнеркәсібі, туризм, адам капиталының дамуы және басқа да өзекті мәселелерге арналды. Сауда-экономикалық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, «Бір белдеу, бір жол» аясындағы экономикалық даму туралы баяндама ұсынылды, сондай-ақ аналитикалық орталықтар қауымдастығы құрылды.
Форумға Қазақстанның Сианьдағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаев құрметті қонақ ретінде қатысып, сөз сөйледі. Өзінің баяндамасында ол 2025 жылғы қыркүйектегі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа Жолдауының негізгі мазмұнын атап өтті. Бас консул Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп жатқан басты реформалар мен басымдықтар туралы мәлімет берді. Цифрлық трансформация, туризм және онымен байланысты салалардың дамуы ел экономикасының тұрақты өсуін қамтамасыз ететін негізгі бағыттары туралы айтылды.
Сонымен қатар, сөз сөйлеу барысында Қазақстан Президентінің Қытай Халық Республикасына ресми сапарының және Іскерлік кеңес отырысының қорытындылары аясында қытайлық компаниялар Алатау жаңа «Ақылды» қаласын салу жобасына қатысуға қызығушылық танытқаны жарияланды.
Бұл ретте ШЫҰ және АӨСШК елдерінен келген инвесторлар мен компаниялар Қазақстанда заманауи инновациялық хаб құруға қатысуға шақырылды.
Қазақстан Республикасының Бас консулдығының дипломаттары ЕЭФ-2025 аясында өткен бірқатар іс-шараларға белсене қатысты, соның ішінде «Кешенді аймақтардың дамуы» конференциясы, «Жібек жолы елдерінің терең интеграциясы және бірлескен құқықтық құрылыс» форумдары және «Жібек жолы экономикалық белдеуі адам ресурстарын дамыту» атты V халықаралық форумы. Соңғысында Астана мен Сиань арасында еңбек ресурстарын бірлесіп дамыту жөнінде Қазақстан Республикасының Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мен Қытай Халық Республикасы Еңбек ресурстары және әлеуметтік қамтамасыз ету министрлігі арасында қалалараралық ынтымақтастық туралы негізгі келісімшартқа қол қойылды.
Іс-шара барысында форумға қатысушылар мен бизнес қауымдастығы экономикалық жобаларға және Жолдаудың сыртқы саяси аспектілеріне ерекше қызығушылық танытты. Қазақстанның еуразиялық интеграцияны дамытудағы және жаңа көлік-логистикалық маршруттарды қалыптастырудағы белсенді рөлі аталып өтті.
Еуразиялық экономикалық форум 2005 жылы құрылған және екі жылда бір рет өткізіледі. Қазіргі форум 11-ші болып табылады. 20 жыл ішінде ЕЭФ 70-ке жуық ел мен аймақтан 10 мыңнан астам қатысушыны тартты және энергетика, қаржы, көлік және гуманитарлық алмасулар салаларында 200-ден астам келісім мен меморандумға қол қою алаңына айналды, сондай-ақ ауқымды жобаларды жүзеге асыруға септігін тигізді.