Қазақстан мен Иордания консулдық саладағы байланыстарды нығайтуда

Қазақстан мен Иордания консулдық саладағы байланыстарды нығайтуда

Амман, 2025 жылғы 24 қыркүйек –  Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшісі Талғат Шалданбай Иордания Хашимит Корольдігінің Сыртқы істер және экспатрианттар істері министрлігінің Операциялар және консулдық қызмет департаментінің директоры Ферас Әл-Хоуримен кездесу өткізді.

Тараптар консулдық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, екіжақты ынтымақтастықты нығайту жолдарын қарастырды. Иордания аумағындағы Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ төтенше жағдайларда іс-қимылды үйлестіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Елші екі елдің консулдық құрылымдары арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді тетіктерін дамытудың маңыздылығын атап өтіп, иордан тарапына консулдық мәселелерді шешуге көрсеткен көмегі үшін ризашылығын білдірді.

Өз кезегінде, Ф.Әл-Хоури қазақ тарапымен өзара іс-қимылды әрі қарай кеңейтуге дайындығын растап, екіжақты қатынастардың қазіргі деңгейіне жоғары баға берді.

Кездесу қорытындысы бойынша тұрақты жұмыс байланыстарын ұстану және консулдық саладағы тиімділікті арттыруға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.