Амман, 2025 жылғы 23 қыркүйек –Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшілігінің ұйымдастыруымен Иорданияның жетекші БАҚ өкілдері мен сарапшылар қауымдастығы қатысқан «дөңгелек үстел» өтті.
Қазақстанның Иорданиядағы Елшісі Талғат Шалданбай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі мазмұнымен, сондай-ақ еліміздің «Әділ, Күшті және Цифрлық Қазақстанды» құру жолымен таныстырды.
Елші Жолдау цифрландыру және жаһандық сын-қатерлер дәуіріндегі дамудың негізгі бағдарларын айқындайтын стратегиялық құжатқа айналғанын атап өтті. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруға, жаңа инвестициялық циклды іске қосуға, Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін нығайтуға, әлеуметтік және білім беру салаларын жаңғырту жөніндегі шараларға, сондай-ақ бір палаталы Парламентке көшу және атом электр станцияларын салу жөніндегі бастамаларға ерекше назар аударылды. Ел дамуының аталған және басқа бағыттардағы негізгі мәселелері иордандық қатысушылардың айрықша қызығушылығын тудырды.
Сонымен қатар, кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты тереңдету жолында жаңа перспективалар ашқан 2025 жылы Президент Қ.Тоқаевтың Амман қаласына және Король Абдалла II-нің Астана қаласына жүзеге асқан өзара сапарларының тарихи сипаты аталып өтті.
Іс-шара ашық диалог атмосферасында орын алды. Журналистер мен сарапшылар Қазақстан Президентінің реформалары мен бастамаларына қызығушылық танытып, Қазақстан мен Иордания арасындағы өзара түсіністікті нығайту және ақпараттық өзара іс-қимылды кеңейту үшін мұндай кездесулердің маңыздылығына тоқталды.
Іс-шара соңында кездесуге қатысушыларға Қазақстан туралы кітаптар мен ақпараттық материалдар табыс етілді.