Қазақстан Ауғанстан халқына гуманитарлық көмек табыс етті

Қазақстан Ауғанстан халқына гуманитарлық көмек табыс етті

Герат, 2025 жылғы 24 қыркүйек – Ауғанстанның Герат провинциясындағы «Тургунди» теміржол станциясында Қазақстандық «KazAID» халықаралық даму агенттігі көмегімен Ауғанстан халқына Қазақстан Республикасының гуманитарлық көмегін табыстау ресми рәсімі өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Ауғанстандағы Уақытша сенімді өкілі Ғазиз Ақбасов, Ауғанстан Сыртқы істер министрлігінің, Герат провинциясы губернаторы әкімшілігінің, сондай-ақ Ауғанстанның ұлттық төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері қатысты.

Жалпы көлемі 272,7 тоннаны құрайтын Қазақстандық гуманитарлық көмектің кезекті партиясы қант, ұн, ет консервілері, шай, көрпелер мен шатырлар салынған 26 теміржол вагонмен жеткізілді.

Салтанатты рәсімде Ғ.Ақбасов Қазақстан Үкіметі Ауғанстанмен, оның ішінде гуманитарлық көмек көрсету желісі бойынша сенім мен ынтымақтастық ахуалын одан әрі нығайтуға ниетті екенін атап өтті.

Ауған тарапы Қазақстан басшылығы мен халқына қиын кезеңде қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, көрсетілген көмек жер сілкінісінен зардап шеккен азаматтарға және елдің аса мұқтаж тұрғындары тұратын провинциялары арасында таратылатынын хабарлады.