Прагада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды

Прагада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды

Прага, 2025 жылғы 23 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Чехияның саяси және сарапшылық орта өкілдері, кәсіпкерлер қауымдастығы мен академиялық топ өкілдері қатысты.

Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев қатысушыларға арнаған сөзінде Жолдаудың негізгі идеяларын жеткізді. Атап айтқанда, қазақ дипломаты құжат ел дамуының жаңа стратегиялық бағыттарын айқындайтынын, оның ішінде жасанды интеллектті енгізу, цифрлық трансформацияны жеделдету және бір палаталы Парламентке көшу мәселелері қамтылғанын атап өтті.

Өз кезегінде чех сарапшылары Жолдауда ұсынылған бастамалардың өзектілігі мен ауқымдылығына назар аударды. Әсіресе, «Цифрлық кодексті» әзірлеу және цифрлық технологияларды білім беру жүйесіне енгізу мәселелері кең ауқымды даму мен халықаралық ынтымақтастыққа жол ашатыны аталып өтілді.

Саясаттанушылардың пікірінше, бір палаталы парламенттік жүйеге көшуге қатысты ұсынылған институционалдық өзгерістер Қазақстанның мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға және демократиялық институттарды нығайтуға деген ұмтылысын көрсетеді.

Іс-шараға қатысушылар Жолдаудың Қазақстан мен Чехия арасындағы ынтымақтастық күн тәртібіндегі энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, цифрлық экономика, білім беру, инновациялар және парламентаризм салаларындағы маңыздылығын атап өтті.

Тараптар Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген перспективалы бағыттарды ескере отырып, қазақ-чех ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған белсенді жұмысты жалғастыруға уағдаласты.