Доха, 2025 жылғы 23 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Қатар Мемлекетіндегі Елшісі Арман Исағалиев Қатардың мемлекеттік Hassad Food компаниясының Бас атқарушы директоры Әли Хиләл Әл-Кауаримен кездесті.
Кездесу барысында тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларын және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту жолдарын талқылады. Осы ретте, Қатардың 2030 жылға дейінгі ұлттық азық-түлік қауіпсіздігі стратегиясы аясында Қазақстан өнімдерін жеткізуді кеңейту жолдарына ерекше назар аударылды.
А. Исағалиев Қазақстан Қатардың сенімді серіктесі ретінде нарықта сұранысқа ие ауыл шаруашылық өнімдерін тұрақты жеткізуді қамтамасыз ете отырып, өзара ұзақ мерзімді тиімді ынтымақтастықты құруға дайын екенін атап өтті.
Сондай-ақ, Елші Қазақстан Президентінің жуырдағы Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді стратегиялық басымдық ретінде анықтағанын, өңдеуге, цифрлық технологияларға және агрохабтарды дамытуға басты мән бергенін хабарлады. Қазақстандық дипломаттың айтуынша, бұл бағыттар Қатардың азық-түлік қауіпсіздігі мен инновациялық ауыл шаруашылығы саласындағы мақсаттарымен үйлесім тауып, бірлескен жобалар мен тәжірибе алмасуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Тараптар Қазақстан Президентінің 2024 жылы Дохаға мемлекеттік сапары барысында және биыл Астанада өткен Бірлескен үкіметаралық комиссияның 7-ші отырысында сауда айналымын арттыру және ынтымақтастық бағыттарын кеңейту жөнінде қол жеткізілген уағдаластықтардың екіжақты байланыстарды дамытуға қосымша серпін бергенін атап өтті.
Сонымен қатар, кездесуде Қазақстандағы инвестициялық климаттың ауыл шаруашылығы саласында ірі жобаларды іске асыруға және инвестиция тартуға қолайлы екені айтылды.
Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты дамыту жөнінде практикалық қадамдарды, соның ішінде жеткізу маршруттарын және логистикалық шешімдерді оңтайландыруды жалғастыруға келісті.