Исламабад, 2025 жылғы 22 қыркүйек – Қазақстанның Пәкістандағы Елшілігінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағытына арналған баспасөз брифингі өтті.
Іс-шара барысында Елші Ержан Қыстафин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі басымдықтары туралы баяндады.
Елші брифингке қатысушылардың назарын Мемлекет басшысының Тургунди – Герат темір жолы құрылысы және Пәкістан нарығына шығу жөніндегі тапсырмасына ерекше аударды. Қазақ дипломаты жобаның Пәкістан үшін тиімді тұстарына айрықша мән бере отырып, жан-жақты таныстырылым жасады.
Қазақстанның цифрлық күн тәртібі аясында Елші ІТ және телекоммуникациялар саласындағы бірлескен қазақстан-пәкістандық жұмыс тобы аясында атқарылудағы жұмыстар туралы хабардар етті.
Сонымен қатар қатысушыларға 2025 жылғы 17 қыркүйекте Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінің қорытындылары жеткізілді. Аталған жиынға дәстүрлі түрде Пәкістанның Діни істер және конфессияаралық үйлесім жөніндегі федералды министрі Сардар Мұхаммад Юсуф бастаған делегация қатысқан болатын.
Елші Қазақстан-пәкістандық ынтымақтастықты дамыту шеңберінде атқарылудағы жұмыстарға да тоқталды. Атап айтқанда, биыл сәуір айында Исламабад қаласында өткен Қазақстан-Пәкістан бірлескен үкіметаралық комиссиясының 13-ші отырысы мен Карачи қаласындағы бизнес-форум, 8 – 9 қыркүйекте Исламабадта ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің алғашқы ресми сапары туралы мәлімет берілді.
Елші Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосы басшысының сапары және оның барысында өткен келіссөздердің нәтижелері үстіміздегі жылы Исламабад қаласында өтетін ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың мемлекеттік сапарын табысты ұйымдастыруға берік негіз қалағанын атап өтті.