Афина қаласы, 2025 жылғы 22 қыркүйек – Қазақстан мен Грек Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 33 жыл толуына орай, Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин Грекия Сыртқы істер министрінің орынбасары Иоаннис Ловердоспен кездесті.
Кездесу барысында тараптар қазақ-грек ынтымақтастығын одан әрі дамытуға және саяси диалогты тереңдетуге өзара мүдделілігін растады. Сауда-экономикалық, энергетикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелері талқыланды.
Диаспоралар қызметіне қатысты мәселелерге ерекше назар аударылды. Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда шамамен 8,8 мың этникалық грек тұрады, олар елдегі мәдени көптүрлілік пен этносаралық келісімді сақтауға маңызды үлес қосуда. Сонымен қатар, Грекияда қазіргі уақытта шамамен 60 мың понтийлік грек тұрады, олар Қазақстан мен Орталық Азияның басқа елдерінен шыққан. Олардың қоғамдық, мәдени және гуманитарлық өмірге белсенді қатысуы халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтып, Қазақстан мен Грекия арасында сенім мен достықтың берік көпірін қалыптастыруда.
Диаспоралармен ынтымақтастықты жалғастырудың және «халықтық дипломатия» аясында бірлескен жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығы аталып өтті. Сондай-ақ, екі ел арасында тікелей әуе қатынасын кеңейту, тұрақты рейстерді қайта бастау және жаңа бағыттарды ашу мүмкіндіктері қарастырылды. Тараптар мәдени шараларды, соның ішінде Мәдениет күндерін, шығармашылық ұжымдардың гастрольдерін, көрмелер мен фестивальдерді бірлесіп өткізуде, сондай-ақ оқу орындары арасындағы академиялық алмасуды дамытуда қызығушылық танытты.
Қазақстан Елшісі грек тарапына 2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауының негізгі мазмұны туралы ақпарат беріп, экономикалық жаңғыру, адами капиталды дамыту және саяси реформаларды тереңдету саласындағы басымдықтарға назар аударды.
Кездесу соңында Елші Грекия Сыртқы істер министрінің орынбасары Иоаннис Ловердосты Қазақстан Республикасына грек тарапына ыңғайлы уақытта сапармен келуге шақырды.
Тараптар сыртқы саяси ведомстволар мен салалық мемлекеттік органдар деңгейінде тұрақты байланыстарды қолдауға, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстар мен диаспоралармен ынтымақтастықты кеңейту бойынша жұмысты жалғастыруға уағдаласты.