Хайдарабад, 2025 жылғы 18–19 қыркүйек – Үндістандағы Қазақстан Республикасының Елшісі Азамат Есқараев Хайдарабад қаласына жұмыс сапары барысында Телангана штатының губернаторы Джишну Дев Вармамен кездесті.
Кездесу барысында экономика, инвестициялар, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту перспективалары талқыланды. Қазақстан мен Үндістан арасындағы әуе қатынасының географиясын кеңейту мәселесіне, атап айтқанда Қазақстаннан Хайдарабад және Ахмедабад қалаларына тікелей рейстер ашу мүмкіндігіне ерекше назар аударылды.
Сапар аясында Қазақстан Республикасының Хайдарабадтағы Құрметті Консулы Науаб Мир Насир Али Ханның ұйымдастыруымен Елші өңірдің бірқатар жетекші компаниялары және ұйымдарымен кездесті:
Power Mech Projects Ltd. – энергетикалық және өнеркәсіптік құрылыстағы Үндістанның ірі компаниясы басшылығымен Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мәселелері қаралды.
NephroPlus – Үндістандағы ірі диализ клиникаларының желісімен заманауи медициналық технологияларды енгізу және Қазақстанда бірлескен жобаларды ашу бойынша алдын ала уағдаластыққа қол жеткізілді.
GMR Group – әуежайлар мен инфрақұрылым саласында жұмыс істейтін Үндістанның ірі конгломераты. Қазақстаннан Хайдарабад және Ахмедабад қалаларына тікелей әуе қатынастарын дамыту, сондай-ақ көлік инфрақұрылымы саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Apollo Medskills – Apollo Hospitals тобының білім беру құрылымы. Медициналық кадрларды даярлау бойынша бірлескен бағдарламалар, Қазақстанда медициналық хаб құру, телемедицина жобаларын әзірлеу және диализ бойынша заманауи орталық ашу мәселелері қаралды.
KIMS Hospitals – Үндістанның оңтүстігіндегі көпсалалы клиникалар желісі. Қазақстанда тәжірибе алмасу және алдыңғы қатарлы медициналық тәжірибелерді енгізу жобалары қарастырылды.
SAP Medical – медициналық технологиялар мен жабдықтар компаниясы. Медициналық жабдықтарды өндіру және денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық бойынша бірлескен бастамалар талқыланды.
Сапар қорытындысы бойынша энергетика, медицина, инфрақұрылым, білім және туризм салаларын қамтитын Қазақстан экономикасына инвестициялық жобаларды іске асыру жөнінде алдын ала уағдаластыққа қол жеткізілді. Бірқатар кәсіпорындар тікелей инвестиция салуға дайын екендіктерін білдірді. Атап айтқанда, Power Mech Projects Ltd. – 50 – 500 млн АҚШ доллары, NephroPlus – 10 – 15 млн АҚШ доллары көлеміндегі инвестициялық жобалармен таныстырды.
Қазақстан тарапынан инвестиция тарту жұмыстары Мемлекет басшысының қыркүйек айындағы Жолдауында айқындалған тәсілдерге сәйкес жүргізіліп отырғаны атап өтілді.
Сонымен қатар 2025 жылғы 17 қыркүйекте Елші «Big B Corporation» компаниясының негізін қалаушы Махендра Джошимен кездесті. Келіссөздер барысында Қазақстанда ірі инвестициялық жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды.
Атап айтқанда, М. Джоши қазіргі уақытта Алматы облысында қонақүй, университет (10 000 студентке арналған) және кампус салуды көздейтін «Kazind Medical Group» ЖШС құрылғанын хабарлады. Компания сондай-ақ 1000 орындық аурухана салуды жоспарлап отыр.
Осыған орай, «Kazind Medical Group» ЖШС Алматы облысы әкімдігімен 2023 жылғы 15 тамызда өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандумға, сондай-ақ 2025 жылғы 2 қыркүйекте «KazakhInvest» ҰК» АҚ-мен меморандумға қол қойған. Жобаларды қысқа мерзімде жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, компания Ақмола облысында да ұқсас жобаны іске асыру мүмкіндігін қарастыруда. Сонымен қатар Қазақстанда Медициналық Хаб құру және пайдалы қазбаларды өндіруге қызығушылық білдірілді. Жалпы инвестиция көлемі шамамен 1,6 млрд АҚШ долларын құрайды деп бағалануда.
А. Есқараев аталған жобаларды жүзеге асыру үшін Елшілік тарапынан консультациялық және визалық қолдау көрсетілетінін атап өтті.