Ереванда Қазақстанның цифрлық болашағы және Армениямен ынтымақтастық әлеуеті талқыланды

Ереванда Қазақстанның цифрлық болашағы және Армениямен ынтымақтастық әлеуеті талқыланды

Ереван, 2025 жылғы 18 қыркүйек – Ереванда Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара барысында қатысушылар Жолдаудың негізгі бағыттарымен танысты. Өз сөзінде Елші Б.Иманбаев Қазақстанның дамуындағы қазіргі үрдістер, жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар және елдің сыртқы саясатындағы басымдықтарына тоқталды.

Армян сарапшылары Жолдауда көрсетілген бастамалардың Қазақстанның ішкі жаңғыруы үшін де, бүкіл аймақ үшін де маңызды екенін атап өтті. Цифрландыру, көлік инфрақұрылымын және энергетиканы дамыту мәселелерінде Армениямен күн тәртібінің ұқсастығы ерекше аталып өтті. Армения Премьер-министрі аппараты жанындағы Қоғамдық байланыстар және ақпарат орталығының халықаралық қатынастарды зерттеу департаментінің басшысы Дж.Меликянның пікірінше, цифрлық мемлекет құру бағыты Армениямен ынтымақтастықты тереңдетудің жаңа көкжиектерін ашып, әсіресе жасанды интеллект пен смарт-қалалар саласында зор мүмкіндіктер береді.

Халықаралық әлеуетке ие болашақ технологиялық кластер ретінде ұсынылған «Alatau city» жобасы ерекше қызығушылық тудырды. «Интеграция және даму» бірлестігінің төрағасы А.Сафарян бұл жобаны технологиялық серпілістің символы – халықаралық ынтымақтастық үшін перспективті алаң ретінде сипаттап, осы мүмкіндікті дер кезінде пайдалану қажеттігін атап өтті.

Арменияның тұрақтылық және мемлекеттік басқару институты негізін қалаушы, саясаттану ғылымдарының кандидаты Г.Меликян: «Цифрландыру – заманауи дамудың ажырамас бөлігі. Қазақстан жаңа технологиялық шындыққа жедел бейімделіп, бұл бағыттағы жетістіктерімен тәнті етуде» – деді.

Талқылау барысында сарапшылар Жолдаудың сыртқы саяси қырларына да назар аударды. Қазақстанның еуразиялық интеграцияны дамытудағы және жаңа көлік-логистикалық дәліздерді қалыптастырудағы белсенді рөлі атап өтілді. Қазақстан мен Арменияның географиялық орналасуын ескере отырып, Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказды байланыстыратын көлік коммуникацияларын дамытуда күш біріктіруге қызығушылық білдірілді.

Қазақстанның бір палаталы парламенттік жүйеге көшу бастамасы да қызығушылық туғызды. Кавказ институтының директоры А.Искандарян: «2019 жылдан бері Президенттің әрбір жолдауы – елдің ұзақ мерзімді даму стратегиясының қисынды кезеңі. Бүгінде біз технологиялық трансформацияның саяси жаңғырумен қатар жүруін байқаймыз, бұл құрметке лайық» – деп атап өтті.

Әлеуметтік-экономикалық даму орталығының басшысы Г.Макарянның пікірінше, амбициялық міндеттердің табысты жүзеге асуы үшін кәсіби база қажет, бұл тұрғыда кадр даярлау және тәжірибе алмасу басым бағытқа айналуы тиіс.

Сарапшылар Қазақстан – Армения ынтымақтастығының қазіргі үрдістерін талқылай келе, биылғы жылдың екіжақты қатынастар үшін мазмұнға аса бай екенін атап өтті. Олардың бағалауынша, саяси, экономикалық және гуманитарлық бағыттарда диалог белсенді дамуда.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар осындай кездесулерді жалғастырудың маңыздылығын атап өтіп, оларды өзара пікір алмасу мен ынтымақтастықты кеңейтуге арналған тиімді алаң деп бағалады.