Қазақстанның археологиялық мұрасы Франциядағы халықаралық конференцияда таныстырылды

Қазақстанның археологиялық мұрасы Франциядағы халықаралық конференцияда таныстырылды

Париж, 2025 жылғы 18 қыркүйек – Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің бастамасымен Францияның Адам палеонтологиясы институтында «Қазақстан археологиясы: жетістіктері және екіжақты ынтымақтастықты дамытудың перспективалары» атты халықаралық конференция өтті. Конференцияны Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институты, сондай-ақ Францияның Ұлттық алдын ала археологиялық зерттеулер институты (INRAP) және Ұлттық ғылыми зерттеулер орталығы (CNRS) бірлесе ұйымдастырды.

Конференцияға Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігінің өкілдері, ғылыми ұйымдар, университеттер, сондай-ақ Қазақстан мен Францияның жетекші археологтары (З.Самашев, Т.Мамиров, Д.Байтілеу, Е.Осипова, У.Рендю, Х.Бендезу-Сармиенто және басқалары) қатысты.

Конференцияны аша отырып, Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова қазақ-француз ғылыми ынтымақтастығының жоғары әлеуетін атап өтіп, ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыру үшін Қазақстан мен Францияның тұрақты археологиялық миссиясын құру қажеттілігіне назар аударды.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі С. Нұрбек (бейнеүндеу), Адам палеонтологиясы институтының Бас директоры А. Эшассу, Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының директоры А. Оңғарұлы, Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігінің Континенттік Еуропа дирекциясы директорының орынбасары М. Комб және Ұлттық алдын ала археологиялық зерттеулер институтының халықаралық байланыстар жөніндегі директорының орынбасары К. Салас Розенбах құттықтау сөз сөйледі.

Пленарлық бөлімде қазақстандық ғалымдардың тас, қола және темір дәуірлері бойынша зерттеу нәтижелері, сондай-ақ археологиядағы цифрлық технологиялар мен пәнаралық тәсілдердің қолданылуы ұсынылды.

Конференция аясында Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институты мен Адам палеонтологиясы институты арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға, сондай-ақ CNRS Trajectoires UMR 8215 зертханасы және Париж 1 Пантеон-Сорбонна университетімен әріптестік туралы келісімге қол қойылды.

«Қазақстан археологиясындағы жаңа көкжиектер» атты дөңгелек үстел барысында қатысушылар Конференция қорытындысы бойынша қабылданған қарарға енгізілген бірқатар бастамаларды әзірледі. Олардың қатарыында Ұлттық ғылыми зерттеулер орталығы және басқа да әріптестермен ұзақ мерзімді негізде археологиялық миссия құру, Ұлттық алдын ала археологиялық зерттеулер институтымен бірге алдын ала археология жүйесін дамыту, тарихқа дейінгі дәуір, неолиттендіру, тау-кен ісі мен металлургия бойынша бірлескен зерттеулер, сондай-ақ білім беру бағдарламалары, академиялық алмасулар, көрмелер мен конференциялар болғанын атап өткен жөн.

Конференция Қазақстан мен Франция арасындағы ғылыми диалогты нығайтып, археология және мәдени мұра саласындағы әріптестікті дамытуға деген қызығушылықты растады.