Хельсинки, 2025 жылғы 22 қыркүйек – Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі Азамат Абдраимов Мартти Ахтисаари атындағы Бейбітшілік қорының Бас директоры Янн Тааласпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Елші ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар, сондай-ақ Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған негізгі басымдықтары туралы ақпарат берді. Атап айтқанда әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен саяси жаңғыру үдерісіне ерекше назар аударылды. Фин тәжірибесімен үндес келетін бұл бастамалар жасыл энергетика, инновациялар және жасанды интеллект салаларындағы бірлескен жобаларды дамытуға мол мүмкіндік беретіні аталып өтті.
Сондай-ақ Елші Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік, тұрақтылық және диалог қағидаттарын ілгерілетуде белсенді ұстанымда екеніне тоқталып, Бейбітшілік қорымен ынтымақтастықты халықаралық бітімгершілік әлеует пен сараптамалық өзара іс-қимылды дамытуға маңызды үлес ретінде қарастыратынын жеткізді.
Өз кезегінде Я.Таалас Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға қызығушылық танытып, еліміздің халықаралық диалогты нығайту және жаһандық сын-қатерлерге сындарлы шешімдер ұсыну жолындағы күш-жігерін жоғары бағалады.