Қазақстан мен Германия туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Германия туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Берлин, 2025 жылғы 18 қыркүйек – Берлинде «Қазақстан мен Германия арасындағы туристік ынтымақтастық мүмкіндіктері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Германия туристік қауымдастығының (DRV) Президенті Норберт Фибиг, Германия туристік индустриясының федералдық қауымдастығы, тәуелсіз туристік компаниялардың федералдық қауымдастығы, жергілікті жетекші туроператорлар, Air Astana және SCAT Airlines әуе компаниялары, сондай-ақ ҚР Туризм және спорт министрлігі, облыс әкімдіктерінің өкілдері және «Kazakhtourism» ұлттық компаниясы» АҚ қатысты.

Қатысушылар туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Басты назар Германиядан келетін кірме туризмді дамыту, Қазақстанның туристік брендін еуропалық нарықта ілгерілету, сондай-ақ мәдени, іскерлік және экологиялық туризм салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктеріне аударылды. Тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуде зор әлеует бар екенін атап өтті.

Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжанов өз сөзінде туризм саласындағы әріптестікті тереңдету Қазақстан мен Германия арасындағы қатынастарының маңызды бағыты екеніне назар аударды. Оның айтуынша, туризм тек экономиканың өсуіне ғана емес, сонымен қатар халықтар арасындағы сенім, достық және мәдени алмасу көпірлерін қалыптастыруға да ықпал етеді. «Біз Германияны стратегиялық әріптес ретінде көреміз, туристер үшін Қазақстан бірегей ұсыныстар жасап, ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашуға дайын» – деді Елші.

DRV президенті Норберт Фибиг неміс делегациясының Қазақстанға жасаған ақпараттық сапары туралы баяндады. DRV президенті сапардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын ерекше атап өтіп, ашық диалог үшін қазақстандық тарапқа алғысын білдірді. Ол Қазақстанның мәдени және белсенді туризм бағытындағы әлеуеттің зор екенін, ал қазіргі жобалардың сәтті жүзеге асырылуы ынтымақтастықты кеңейту үшін берік негіз қалыптастыратынын айтты. Сондай-ақ, Н.Фибиг неміс туристерін Қазақстанға тартуға бағытталған бастамаларды одан әрі қолдауға дайын екенін растады.

Іс-шара соңында қатысушылар мұндай кездесулердің өзара түсіністікті тереңдетуде және туризм саласында үйлестірілген жұмысты қамтамасыз етуде маңызды орын алатынын атап өтті. Сондай-ақ тараптар туризмнің достық пен әріптестіктің тағы бір берік көпіріне айналатының атап өтіп, бірлескен бастамалар Қазақстан мен Германия арасындағы екіжақты қатынастарды дамытуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.