Sarens Group Қазақстанды жаңа инвестициялар үшін негізгі нарық ретінде қарастыруда

Sarens Group Қазақстанды жаңа инвестициялар үшін негізгі нарық ретінде қарастыруда

Волвертем, 2025 жылғы 18 қыркүйек – Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко ауыр жүктерді көтеру және инженерлік көлік шешімдері саласындағы әлемдік көшбасшы Sarens Group компаниясының штаб-пәтерінде болды.

Компания Президенті Людо Саренс және Атқарушы директор Вим Саренспен өткен кездесулер барысында тараптар Қазақстандағы ірі жобаларға Sarens компаниясының қатысу перспективаларын талқылады. Сұхбат барысында жел электр станциялары, энергетикалық нысандарды дамыту мен логистикалық инфрақұрылым құрылысы мәселелері қарастырылды.

Кездесудің негізгі тақырыбы – Қазақстанның Жетісу облысында заманауи логистикалық хаб салу жоспары болды. Жоба жүктерді өңдеу, сақтау және тасымалдау үшін ірі орталық құруды көздейді және ол Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тікелей интеграцияланатын болады. Бұл хаб «Еуропа – Кавказ – Азия» дәлізінің негізгі буынына айналып, Қазақстан арқылы өтетін транзит көлемін едәуір арттырады.

Сарапшылардың бағалауынша, алдағы жылдары Жетісу хабы жылына бірнеше миллион тоннаға дейін жүк қабылдай алады. Оның ішінде машина жасау өнімдері, энергетикалық жабдықтар және құрылыс материалдары бар. Жобаны іске асыру экспортты дамытуға, жаңа инвестицияларды тартуға және өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.

«Біз Sarens компаниясының Қазақстанның дамуына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз және оны Еуропадағы сенімді серіктестеріміздің бірі ретінде қарастырамыз» – деді Р.Василенко.

Өз кезегінде Sarens басшылығы Жетісу жобасының стратегиялық маңызын атап өтіп, оны тек Қазақстан үшін ғана емес, халықаралық логистика үшін де аса маңыздылығын бағалап, «Орталық Азияға еуропалық бизнестің қақпасы» деп атады.

Sarens Group – ауыр жүктерді көтеру, инженерлік көлік шешімдері және логистика саласындағы әлемдік көшбасшы. Компания 70-тен астам елде қызмет етеді, 6000-нан астам қызметкері бар және 1500-ден астам краны, 3000 осьтік желісі мен арнайы жүзу құралдары бар. Жылдық айналымы шамамен 1 млрд еуроны құрайды. Sarens энергетика, мұнай-газ инфрақұрылымы нысандарын салу жобаларына, сондай-ақ көлік-логистика жүйелерін дамытуға, соның ішінде жаңартылатын энергетика мен халықаралық дәліздерге белсенді қатысады. Қазақстанда 2003 жылдан бері мұнай-газ және энергетика саласында сервистік компания ретінде жұмыс істеп келеді.