Сианьде Қазақстан Президентінің Жолдауы талқыланды

Сианьде Қазақстан Президентінің Жолдауы талқыланды

Сиань, 2025 жылдың 18 қыркүйек — Сианьдегі Қазақстан республикасының Бас консулдығы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» тақырыбындағы Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын Шэньси өңірлік бизнес қауымының қатысуымен өткен дөңгелек үстел барысында талқылады.

Іс-шара барысында Бас консул Жошыхан Қыраубаев қытай тарапына еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтары мен жүргізіліп жатқан реформалары туралы ақпарат берді. Шэньси бизнес қауымы Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық елге айналдыру үшін стратегиялық және сонымен бірге амбициялық міндет қойылғаны туралы хабарландырылды. Экономиканы ауқымды цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын белсенді енгізу арқылы елімізді жаңғырту жоспарларымыз атап өтілді.

«CITIC сәулеттік жобалау-зерттеу институты», «Сиань қаласындағы Чанба халықаралық портының сауданы дамыту «Чанъань» кеңесі», «China Construction үшінші солтүстік-батыс бюросы» компанияларының басшылығы Қазақстан Республикасы Үкіметінің экономиканы жаңғырту және бизнесті ынталандыру бойынша инвестициялық климатты жақсартатын шараларын жоғары бағалады. Президент Қ.К.Тоқаевтың шетелдік инвестиция көздерін қолдау және кешенді көмек көрсету бойынша тапсырмасы жоғары сенімге ие болды. Жоғары технологиялар саласында жұмыс істейтін инвесторларға арналған жеңілдіктер мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құрылуы экономиканың цифрлық трансформациясының сәтті өтуіне кепілдік беретіні ерекше атап өтілді.

Дипломат ҚР Президентінің Жолдауында аталған Алатау City бизнес-белсенділік және инновациялар орталығын салуды іске асыру, терең өңделген өнімдерді шығару, агрохабтар мен логистикалық орталықтарды дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және басқа да жоғары технологиялық өндіріс салаларындағы нақты жобаларға инвестициялаудың тиімділігін қатысушыларға түсіндірді.

Іс-шара соңында қытай бизнес қауымының өкілдеріне бірнеше әлеуметтік бағыттағы жобалар ұсынылды. Қытай бизнес-қауымы Қазақстанның солтүстік бөлігіндегі логистикалық және бөліп-тарату орталығын жобалауға және салуға қызығушылық танытты.