Хорватия компаниялары Қазақстанмен ынтымақтастыққа қызығушылық білдіруде

Хорватия компаниялары Қазақстанмен ынтымақтастыққа қызығушылық білдіруде

Загреб, 2025 жылғы 17 қыркүйекҚазақстанның Хорватиядағы Елшісі Дәулет Батырашев инновациялық экожүйе саласындағы жетекші хорват компанияларының басшылығымен бірқатар кездесулер өткізді. Келіссөздер цифрландыру, жасанды интеллект және тұрақты технологиялық даму саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған қадамдар аясында орын алды.

«Cro AI» жасанды интеллект қауымдастығы басқармасының мүшесі Томислав Ваздармен кездесу барысында тәжірибе алмасу және хорваттық AI-стартаптарының қазақстандық жобаларға, соның ішінде «Alatau Digital City» құруға қатысу әлеуеті талқыланды.

«Verne» компаниясының вице-президенті Горан Даутович қазақстандық дипломатқа автономды көлік қызметін іске қосу жоспарларын таныстырды. «Ақылды қалаларды» дамыту аясында роботакси жобасы ерекше қызығушылық тудырды.

Ауыл шаруашылығындағы цифрлық шешімдерді енгізу мүмкіндіктері, оның ішінде өнімділікті бақылау және егіншілік процесін басқару жүйелері «Agrivi» компаниясымен өткен кездесуде талқыланды. Д.Батырашев пен компания басқармасының төрағасы Матия Жуль Қазақстанның аграрлық аймақтарында бірлескен жобаларды жүзеге асыру әлеуеті жоғары екенін  атап өтті.

«Velebit AI» компаниясының басқарма төрағасы Давор Аничич машиналық оқыту, деректерді талдау және компьютерлік көру саласындағы жобаларымен таныстырып, ол технологияларды Қазақстандағы денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және ақылды қала жобаларында жүзеге асыруға қызығушылық білдірді.

Кездесулердің қорытындысы бойынша өзара практикалық іс-қимыл форматтарын пысықтау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Д.Батырашев Қазақстан Хорватияны инновациялар мен цифрлық технологиялар саласында перспективті серіктес ретінде қарастыратынын және жетекші компаниялармен ынтымақтастық екі елдің технологиялық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік беретінін мәлімдеді.

Өз кезегінде Хорватия Даму және қайта құру банкінің (HBOR) басқарма төрағасы Хрвое Чувало қазақстандық серіктестермен ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделілік білдіріп, хорват компанияларының еліміздегі жобаларына қаржылық қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.