Париж, 2025 жылғы 11 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Париждегі халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымының (ДЖДҰ) Бас хатшысы Эммануэль Субейранмен кездесті.
Тараптар Қазақстан мен ДЖДҰ арасындағы сындарлы өзара іс-қимылдың оң тәжірибесін атап өтіп, алдағы уақытта бірлескен іс-шараларды өткізу жоспарларын талқылады. Бұл тұрғыда Э. Субейран қазақ тарапына ДЖДҰ-ның Астанадағы Орталық Азия бойынша субөңірлік өкілдігіне ұдайы қолдауы үшін алғысын білдіре отырып, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің осы жұмыстағы белсенді рөлін атап өтті және ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін білдірді.
Өз кезегінде А. Абдрахманов сұхбаттасын Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының өзекті бағыттары туралы хабардар етті. Қазақ дипломаты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру туралы бастамасына бөлек тоқталып, осы саладағы мемлекеттердің көпжақты ынтымақтастығындағы ДЖДҰ-ның маңызды рөлін атап өтті.
Елші сондай-ақ ДЖДҰ Бас директорын Мемлекет басшысының жуырдағы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауының мал шаруашылығы саласына қатысты тұстарымен таныстырды.
Атап айтқанда, ол агроғылымының сапалы дамуы, халықаралық ветеринариялық стандарттарды жүйелі қолдану және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін аса маңызды осы саланың экспорттық әлеуетін күшейту мақсатында мал шаруашылығымен айналысатын отандық агробизнесті тиімді қолдау жоспарларын жүзеге асыру үшін Қазақстан мен ДЖДҰ арасындағы тиімді ықпалдастықтың маңыздылығын атап өтті.
1924 жылы құрылған Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымы (ДЖДҰ, бұрын Халықаралық эпизоотиялық бюро деп аталған) – 183 мүше мемлекет қатысатын және штаб-пәтері Парижде орналасқан үкіметаралық ұйым, оның миссиясы жануарлар аурулары туралы сенімді ақпаратты жинау және тарату, адамдар мен жануарлар әлемі үшін салауатты және қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету бойынша тиімді шараларды қабылдау.