Афина, 2025 жылғы 17 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Грек Республикасындағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин Грекия Парламентінің депутаты, «Қазақстан-Грекия» парламенттік достық тобының тең төрағасы Эвангелос Сиригоспен кездесу өткізді.
Сұхбат барысында тараптар ү.ж. маусымда өткен грек парламенттік делегациясының Астанаға сапарының қорытындыларын қоса алғанда қазақ-грек ынтымақтастығының қазіргі ахуалы мен перспективаларын талқылады. Сондай-ақ, парламентаралық өзара іс-қимылды жандандыруға, әсіресе ЕҚЫҰ ПА және ЕКПА секілді халықаралық парламенттік алаңдарға ерекше назар аударылды.
Сауда-экономикалық байланыстар, инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ екіжақты саяси диалогты кеңейту мәселелері де қарастырылды. Көлік, логистика, энергетика және цифрландыру салаларындағы бірлескен жобаларды одан әрі іске асыруға өзара мүдделілік танытылды.
Қазақстандағы ішкі саяси процестер туралы пікір алмасу барысында Елші Сұлтанғожин ү.ж. қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Президенті Жолдауының негізгі ережелері туралы хабардар етті. Атап айтқанда, цифрландыруды одан әрі жалғастыру, әлеуметтік-экономикалық қайта құру, сондай-ақ бір палаталы Парламентке көшуді қоса алғанда, саяси реформаларды жалғастыру мәселелері қозғалды.
Өз кезегінде депутат Сиригос Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және демократия институттарын нығайту бағытында қолға алған қадамдарын жоғары бағалады. Ол өзгерістерге қолдау білдіріп, оларды іске асыруда табыс тіледі.
Кездесу қорытындысы бойынша диалогты жалғастыру және қазақстандық парламент мүшелерінің Афинаға сапарын өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.