Найроби, 2025 жылғы 16 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Кения Республикасындағы Елшісі, Қазақстан Республикасының Найробидегі Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлімшесі жанындағы Тұрақты өкілі Барлыбай Садықов БҰҰ Қоршаған орта мәселелері жөніндегі бағдарламасының (ЮНЕП) штаб-пәтерінде өткен Тұрақты Өкілдер комитетінің 171-ші отырысына қатысты.
Отырыстың қорытындысы бойынша Тұрақты өкілдер комитетінің 170-ші отырысының Хаттамасы және Тұрақты өкілдер комитеті субкомитетінің 12-ші жыл сайынғы отырысы төрағасының баяндамасы қабылданып, бағалау және аудит жөніндегі ЮНЕП есебі қаралып, БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау Ассамблеясының 7-ші сессиясына (Юнеа-7) дайындық барысы туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ, ЮНЕП 2026-2029 жж. арналған Орта мерзімді стратегиясының жобасы және 2026-2027 жж. арналған ЮНЕП Жұмыс бағдарламасы мен бюджетін әзірлеу мәселесі талқыланды.
Кездесу барысында ЮНЕП Атқарушы директоры И.Андерсен ЮНЕП Орта мерзімді стратегиясы (2022-2025 жж.) және 2024-2025 жж. арналған Жұмыс бағдарламасын іске асыру мақсатында 2025 ж. екінші тоқсанында өткізілген негізгі жаһандық, аймақтық және ұлттық іс-шаралар туралы баяндама жасады. Сонымен қатар, БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау Ассамблеясының 2024 ж. 6-шы сессиясының қорытындысы бойынша қабылданған бағдарламалар мен қарарларды іске асыру барысы туралы ақпарат берілді.
ҚР ЮНЕП жанындағы Елшісі және Тұрақты Өкілі Б.Садықов өз сөзінде Бағдарламаның жаһандық экологиялық күн тәртібін ілгерілету жөніндегі жұмысының маңыздылығын ескеріп, Қазақстанның көпжақты дипломатия қағидаттарына адалдығына назар аударды. Сонымен қатар, делегаттарға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған 2026 ж. Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммиті (ӨЭС) мен Қазақстанда ШЫҰ Су мәселелерін зерттеу орталығын құру сияқты ҚР экологиялық бастамалары туралы ақпарат берілді.
ӨЭС өткізу бастамасын жүзеге асыру мақсатында қазақстандық тарап ЮНЕП, БҰҰ Еуропалық Экономикалық комиссиясы және Орталық Азия өңірлік экологиялық орталығымен бірлесіп «Теңіздер мен көлдердің құрғауы – 21-ші ғасырдың жаһандық апаты. Каспий және Арал теңіздерін, сондай-ақ Африка, Америка, Еуропа және Азия өңірлерін мысалға ала отырып, мәселелерді шешу бойынша өңірлік шараларды қабылдау» тақырыбында ү.ж. 8-12 желтоқсанда өтетін БҰҰ Юнеа-7 Ассамблеясының аясында сайд ивент өткізілетініне назар аударды.
Кездесу қорытындысы бойынша ЮНЕП мүше мемлекеттері Юнеа-7 Ассамблеясы барысында бекіту үшін 2026-2029 жж. арналған Орта мерзімді стратегияны және 2026-2027 жж. арналған Жұмыс және бюджет бағдарламасын әзірлеу бойынша белсенді қадамдар жасауға келісті.
Тұрақты өкілдер комитеті БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау Ассамблеясының шешімдерінің орындалуын жүйелі түрде қарайтын, Жұмыс бағдарламасы мен бюджетті әзірлеуге басшылық жасайтын және олардың орындалуын бақылайтын, ЮНЕП хатшылығының жұмысын қадағалайтын БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау Ассамблеясының сессияаралық қосалқы органы болып табылады. Тұрақты өкілдер комитеті Басқарушы кеңестің 19/32 шешіміне сәйкес, Найробиде немесе басқа жерде орналасқанына қарамастан, БҰҰ барлық мүше мемлекеттердің, БҰҰ және Еуропалық Одақтың мамандандырылған мекемелерінің аккредиттелген өкілдерінен тұрады.