Нью-Йорк, 2025 жылғы 16 қыркүйек – Қазақ ұны алғаш рет АҚШ нарығына шығып, Нью-Йорк пен Чикаго қалаларындағы дүкен сөрелерінде сатыла бастады.
Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында ҚР-дың Нью-Йорк қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен «Global New York Chamber of Commerce» президенті Самат Өмірзақов пен Қостанай қаласындағы «Саламат» ЖШС-мен бірлесе қазақстандық өнімді америкалық тұтынушыларға жеткізу жобасы іске асырылуда.
«Қазақ өнімдерінің АҚШ нарығына шығуы еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің жоғары әлеуетін көрсетеді. Біз «Product of Kazakhstan» белгісі бар өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын бағалайтын америкалық тұтынушылар тарапынан кең сұранысқа ие болатынына сенімдіміз», – деді С. Өмірзақов.
Жоғары сапалы органикалық ұн өнімдері АҚШ-тың жетекші бөлшек сауда желілеріне, оның ішінде «Walmart», «Whole Foods», «Amazon Prime» және басқа да ірі сауда орындарына жеткізілді.
Бұл бастама Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ қазақстандық агроөнеркәсіптік өнімнің жаңа экспорттық мүмкіндіктерін ашуға жол ашады.