Нью-Дели, 2025 жылғы 12 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Үндістандағы Елшілігінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауын талқылау аясында Қазақстан-Үндістан қарым-қатынастарына арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Үндістан сарапшылар қауымдастығы мен осы елдің Сауда-өнеркәсіп палаталарының федерациясы, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Қазақстанның Үндістандағы Елшісі Азамат Есқараев Президенттің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты Жолдауындағы негізгі басымдықтарды атап өтіп, елде жүзеге асырылудағы саяси және экономикалық өзгерістер туралы баяндады.
Қатысушылардың назарына жасанды интеллект пен цифрлық даму мәселелері, экономиканы әртараптандыру, әлеуметтік саланы қолдау және көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, парламенттік реформа сынды Жолдаудың негізгі бағыттары таныстырылды.
Елші Жолдаудағы мәселелер Қазақстан-Үндістан арасында бірлескен жобаларды жүзеге асыруда кең мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Дөңгелек үстел қатысушылары Президент Жолдауындағы мәселелердің өзектілігін ерекше атап өтті.
Ресей мен ТМД бойынша Үндістанның Сауда-өнеркәсіп палаталары федерациясының директоры Панкаж Сингх Жолдаудағы цифрландыру мен адам капиталын дамытудағы басымдықтар бірлескен білім беру және инвестициялық жобаларды іске асырудың жаңа мүмкіндіктерін е жол ашатынын мәлімдеді.
Vivekananda Халықаралық Қорының Еуразия өңірі бойынша ғылыми қызметкері Правеш Кумар Гупта Жолдаудағы мәселелер Қазақстан мен Үндістан арасындағы ақпараттық технологиялар, көлік-логистика, банк, білім беру салаларындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды.
The Economic Times газетінің дипломатиялық мәселелер жөніндегі редакторы Дипанджан Рой Чаудхури банк саласы, көлік дәлізі, маңызды шикізат көздері, агроөнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына назар аудара отыра, аталған бағыттар екіжақты ықпалдастықты одан әрі тереңдетуде басымдыққа ие бола алатынын айтты.
Іс-шара соңында қатысушылар Президент Жолдауындағы басымдықтар Қазақстан мен Үндістан арасындағы серіктестікке жаңа серпін беретінін атап өтті. Сонымен қатар экономика, білім беру және инновациялар салаларындағы ынтымақтастық екі ел арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға мүмкіндік беретіні туралы айтылды.