Вьетнам кәсіпкерлері Президент Жолдауына айрықша қызығушылық танытты

Вьетнам кәсіпкерлері Президент Жолдауына айрықша қызығушылық танытты

Ханой, 2025 жылғы 12 қыркүйек – Вьетнамның Халонг порттық қаласында (Куанг Нинь провинциясының әкімшілік орталығы) «Цифрлық экономика дәуіріндегі инновациялар мен креативті стартап-экожүйелерді дамыту үшін жаһандық ресурстарды біріктіру» тақырыбында Ұлттық инновациялар мен стартаптардың VII Халықаралық форумы өтті.

Іс-шара Вьетнам Социалистік Республикасының Ғылым және технологиялар министрлігі, жергілікті билік органдары және Ұлттық кәсіпкерлер қауымдастығының (Vietnam National Entrepreneurship Association, VINEN) қолдауымен ұйымдастырылды. Форумға Жапония, Әзербайжан, Түркия, Пәкістан және Иранның түрлі компаниялары мен басқа да құрылымдарынан 500-ге жуық кәсіпкер, мемлекеттік қызметшілер және дипломаттар қатысты.

Іс-шараның ашылу салтанатында ұйымдастырушылар мен құрметті қонақтары ретінде ВСР Ғылым және технологиялар Вице-министрі Хоанг Минь, Куанг Нинь провинциясы Халық комитеті төрағасының міндетін атқарушысы Ву Ван Зиен, Қазақстан Елшісі Қанат Тумыш және Әзірбайжан Елшісі Шовги Мехдизада, сондай-ақ VINEN Президенті Динь Вьет Хоа  сөз сөйледі. 

Вьетнамдық Ғылым және технологиялар министрлігінің жоғары лауазымды өкілі Хоанг Минь, қазіргі кезде жасанды интеллект, заттар интернеті және блокчейн – әлемдік салаларды өзгертіп, шығармашылық пен өсуге жаңа мүмкіндіктер ашуда екенін атап өтті. Сонымен қатар, жасыл экономика, айналмалы экономика және тұрақты даму үрдістері жаһандық басымдықтарға айналуда. Бұл тұрғыда ел басшылығы цифрлық дәуірдегі серпінді инновацияларға ықпал ететін қолайлы саясатты енгізуде екендігі атап өтілді. Сондай-ақ, министрліктер мен жергілікті басқарушы органдарын осы саладағы ұлттық міндеттерді жүзеге асыру, Үкімет пен бизнестің байланыстарын нығайту, инновациялық орталықтар құру, Вьетнамдағы және бүкіл Азиядағы стартап-қауымдастықтар үшін берік негіз қалау үшін тәлімгерлер мен инвесторлар желісін құру үшін тиімді үйлестіру щараларын қолға алуға шақырды.

Куанг Нинь басшылығының өкілі Ву Ван Зиен, инновациялық кәсіпкерлік тек қозғалыс емес, цифрлық трансформацияға, жаһандық құн тізбегіне және тұрақты өсуге байланысты өсудің жаңа драйвері екенін атап өтті. Бұл Қазақстан лидерінің кәсіпкерлер цифрлық дамытудың қозғаушы күші болуға тиіс деген сөздерімен үндес келуде.

Қазақстан Елшісі Қанат Тумыш қатысушыларды Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелерімен таныстырды. Вьетнам мен Азия мемлекеттерінің аудиториясы жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу негізінде Қазақстан экономикасын жаңғырту үдерісінің жүзеге асырылуы, мемлекеттік басқару жүйесінің қайта құрылуы, оның азаматтар мүддесіне сай болуы, ашықтығы мен тиімділігін арттыру жоспарлары, сондай-ақ алдағы уақытта жаппай цифрлық ел болу қажеттілігі сынды стратегиялық мақсаттар туралы ақпаратқа ерекше қызығушылық танытты. 

Бұл ретте, жаңа технологиялардың ажырамас бөлігіне айналу үшін Цифрлық кодексті және цифрландыру ісі мен жасанды интеллектіні дамытуға арналған «Digital Qazaqstan» атты біртұтас тұжырымдамалық құжатты қабылдау, елімізде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін және Цифрлық активтердің мемлекеттік қорын құру, сыбайлас жемқорлықты болдырмауға мүмкіндік беретін цифрлық теңгені барынша қолдану сияқты бастамаларға форум қатысушылары жоғары баға берді.

Сонымен қатар, елімізде суперкомпьютердің іске қосылуы және әлемдік деңгейдегі компаниялардың инвестицияларын тарта отырып, үкіметке тікелей бағынуы үшін арнайы мәртебе берілетін жаңа іскерлік және инновациялық орталық ретінде заманауи Алатау атты қала салу жөніндегі бастама қатысушыларға үлкен әсер етті. Әсіресе, қаланың тек Орталық Азия өңірінде ғана емес (Smart City технологияларын қолданудан бастап, криптовалюталармен тауарлар мен қызмет ақысын криптовалютамен төлеу мүмкіндігіне дейін), сондай-ақ Азия құрлығында да алғашқы толыққанды цифрлық қалаларының бірі болатыны туралы мәліметке қызығушылық білдірді. 

Биылғы жылы форумда үш негізгі идея: үкімет, бизнес, ғалымдар мен инвесторлардың ресурстарын жұмылдыру, білімді өнімдер мен нарықтарға айналдыру үшін инновацияларды жеделдету және жас кәсіпкерлерді жаһандық ойлауға және жергілікті жерде әрекет етуге шабыттандыру мәселелері айтылды.

Делегаттар стартаптардың жаһандық үрдістері, жасанды интеллект, электрондық коммерция және цифрлық трансформацияны қолдау төңірегінде пікір алмасты және халықаралық ресурстарды тарту және пайдалану шешімдерін зерделеді. Форум аясында стартап-қызметті дамыту үшін ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды. Сонымен бірге, Вьетнам мен Азия елдерінің көрнекті ұйымдары, компаниялары мен жеке тұлғалары түрлі марапаттарға ие болды.

Форумға қатысушылар «Инновациялар мен стартаптар – цифрлық дәуірдегі жаңа ойлау» тақырыбындағы тренингке қатысып, технологияларды қолдануға; стартап-өнімдерге; Вьетнамның инвестициялық дамуы мен отандық тауарларына арналған көрмелерге қатысты.