Қазақстан мен Оман дипломатиялық кадрларды даярлау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Оман дипломатиялық кадрларды даярлау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Масқат, 2025 жылғы 11 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Оман Сұлтандығындағы Елшісі Айдарбек Тұматов Оман Сұлтанатының Сыртқы істер министрлігі жанындағы Дипломатиялық академияның ректоры Хүмайд Әл-Маанимен кездесті.

Елші әріптесін Қазақстан мен Оман арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың қазіргі жай-күйі, олардың дамуындағы жетістіктер мен биыл орын алған маңызды сапарлар туралы хабардар етті. Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық және көлік-логистикалық ынтымақтастықтың келешегі зор бағыттарын талқылады. Алдағы уақытта бірлесе атқаратын жұмыстардың әлеуеті зор екендігі атап өтілді. Сондай-ақ, Х. Әл-Маани ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауының негізгі жайттарымен танысты.

Сонымен қатар, оман тарапына дипломаттарды кәсіби даярлау саласындағы ынтымақтастық пен озық тәжірибемен алмасу, сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институтымен ынтымақтастық туралы тиісті меморандумға қол қою ұсынылды.

Х. Әл-Маани аталған бастамаларды қолдай отырып, қазақстандық сарапшылар мен лекторларды қабылдауға, сондай-ақ әртүрлі форматтағы бірлескен семинарлар өткізуге дайын екендігін білдірді.