Нью-Делиде Қазақстан Президентінің Жолдауындағы басымдықтары талқыланды

Нью-Делиде Қазақстан Президентінің Жолдауындағы басымдықтары талқыланды

Нью-Дели, 2025 жылғы 11 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Үндістандағы Елшісі Азамат Есқараев Үндістан Сыртқы істер министрлігінің Бас директоры Чаранджит Сингхпен кездесті.

Кездесуде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 8 қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауының негізгі қағидалары талқыланып, цифрлық трансформация, жасанды интеллектіні дамыту және шетелдік инвестициялар саласындағы бастамаларға ерекше назар аударылды.

Ч. Сингх Қазақстан басшылығының саяси бастамаларын жоғары бағалап, Мемлекет басшысы белгілеген басымдықтар озық технологиялар, энергетика, көлік және логистика салаларындағы диалогты ілгерілетуге ықпал ететінін атап өтті. Тараптар сондай-ақ, өзара сауда мен инвестицияларды одан әрі арттырудың және ынтымақтастықты әртүрлі деңгейлерде нығайтудың айтарлықтай әлеуетіне тоқталды.

Сонымен қатар,  Қазақстан мен Үндістан арасындағы өзара тиімді серіктестіктің қазіргі ахуалы мен даму келешегі, саяси, мәдени-гуманитарлық және білім беру салаларындағы жан-жақты ынтымақтастықтың оң қарқыны атап өтілді. Алдағы екіжақты іс-шараларға дайындық шеңберінде тараптар күн тәртібін практикалық мазмұнмен толықтырудың маңыздылығына ерекше назар аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тұрақты байланыста болу және өзара қызығушылық тудыратын салалардағы бірлескен бастамаларды ілгерілету жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.