Нью-Дели, 2025 жылғы 2 қыркүйек – Қазақстанның Үндістандағы Елшісі Азамат Есқараев Үндістан Республикасының Авиация министрі Рам Мохан Найдумен кездесті.
Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Үндістан арасындағы әуе қатынастарын одан әрі дамыту мәселелерін, оның ішінде екі ел аймақтары арасындағы тікелей рейстер санын ұлғайту перспективаларын талқылады.
А.Есқараев Үндістанның авиациялық билігіне Қазақстан тарапынан «Алматы – Хайдарабад» және «Алматы – Ахмедабад» бағыттары бойынша тікелей рейстерді іске қосуға мүдделі екенін жеткізді. Бұл тұрғыда Үндістандық авиакомпаниялардың Қазақстан нарығына қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге дайын екеніне тоқталды.
Кездесу барысында Елші Қазақстан Республикасының Үкіметі тарапынан авиация саласын жаңғырту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Олардың қатарында алты халықаралық авиациялық хаб құру және ұлттық жүк әуе тасымалдаушысын іске қосу жоспарлары бар екендігі аталып өтті.
Өз кезегінде Р.Найду Қазақстан мен Үндістан арасындағы тікелей рейстерге деген сұраныстың артып келе жатқанын, бұл сұраныстың Қазақстан азаматтары мен Үндістан азаматтары арасында да бар екеніне орай бастаманы қолдайтындығын және оны қарастыруға ниетті екенін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қолданыстағы екіжақты Әуе қатынасы туралы келісімге жаңа қалаларды енгізу екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтуға, туристік ағымдарды арттыруға және өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететіні туралы ортақ пікірге келді.
1993 жылғы 10 қыркүйекте қол қойылған Әуе қатынасы туралы келісімді Қазақстан 1998 жылғы 10 желтоқсанда ратификациялады. Қазіргі таңда Қазақстан мен Үндістан арасында аптасына 19 жолаушылар рейсі бар.