Кувейтте екіжақты инвестициялық ынтымақтастықтың келешегі талқыланды

Кувейтте екіжақты инвестициялық ынтымақтастықтың келешегі талқыланды

Әл-Кувейт, 2025 жылғы 11 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев «Al Babtain Group» компаниясының директорлар кеңесінің Төрағасы Сауд Абдалазиз Әл-Бабтайнмен кездесті.

Кездесуде тараптар инвестиция мен экономика саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылап, серіктестік аясындағы жобаларды ілгерілету жоспарын белгіледі.

Елші еліміздегі қазіргі экономикалық жағдай туралы кеңінен баяндап, ұлттық экономиканың тұрақты өсуін және инвестициялық климаттың жақсаруын атап өтті. Сондай-ақ, ол шетелдік инвесторларға қосымша кепілдіктер беретін реформалар мен заңнаманы жетілдіру шараларын атап көрсетті. Астана халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) жұмысына ерекше назар аударылып, аталған қаржы институтының халықаралық озық стандарттарға сәйкес инвестиция салуға және бизнес жүргізуге кең мүмкіндіктер ұсынатындығы атап өтілді.

Өз кезегінде «Al Babtain Group» компаниясының басшысы Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктерді зерттеуге қызығушылық танытты. Сондай-ақ тараптар өзара іс-қимылдың нақты бағыттары туралы пікір алмасты.

1948 жылы құрылған «Al Babtain Group» Кувейттегі ең ірі жеке отбасылық конгломераттардың бірі болып табылады. Компанияның қызметі өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік және ауыл шаруашылығы сияқты кең салаларды қамтиды. Компания ұлттық экономиканы дамытуға белсене қатысады және ішкі және халықаралық нарықтарда сенімді әріптес ретінде тұрақты беделге ие.