Дүниежүзілік буддистер бауырластығы Астананың халықаралық платформасында конфессияаралық диалогты дамытуға өзінің бейілділігін растайды

Дүниежүзілік буддистер бауырластығы Астананың халықаралық платформасында конфессияаралық диалогты дамытуға өзінің бейілділігін растайды

Бангкок, 2025 жылғы 9 қыркүйек – Қазақстанның Таиландтағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Дүниежүзілік буддистер бауырластығының (WFB) президенті Фаллоп Тайаримен кездесті.

Cұхбат барысында Елші Бауырластыққа көп жылғы жемісті серіктестік үшін терең ризашылығын білдіріп, жаһандық деңгейде бейбітшілікті нығайтудағы және конфессияаралық диалогты ілгерілетудегі буддизмнің басты рөлін атап өтті.

Сондай-ақ М. Баймұхан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйекте жариялаған жыл сайынғы Жолдауының негізгі ережелерімен таныстырды, онда заманауи сын-қатерлер жағдайында бірлік, тұрақтылық пен дінаралық келісімді сақтауға ерекше назар аударылды.

Тараптар 2025 жылғы 17-18 қыркүйекте Астанада өтетін «Діндер диалогы: болашаққа синергия» тақырыбындағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезіне буддистік делегацияның алдағы қатысуын да талқылады. Бұл іс-шара өзекті жаһандық мәселелерді шешу үшін әртүрлі конфессия өкілдерінің ынтымақтастығының айрықша маңыздылығын атап көрсетеді.

Ф. Тайари өз кезегінде Қазақстанға түрлі діни ағымдар мен дәстүрлер арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған бастамаларға көрсетілген қолдауы үшін алғысын білдірді.

1950 жылы Таиландтың Бангкок қаласында негізі қаланған Дүниежүзілік буддистер бауырластығы (WFB) ең көне және ең беделді халықаралық буддистік ұйымдардың бірі болып табылады. WFB штаб-пәтері Бангкокта орналасқан, бұл Тайландтың жаһандық буддистік ынтымақтастықты үйлестірудегі басты рөлін көрсетеді. Ұйым 40-тан астам елден 200-ден астам буддисттік бірлестіктерді, монастырьларды және білім беру орталықтарын біріктіреді, олар Азиядағы буддизмнің дәстүрлі орталықтарын да, Еуропа, Америка және Африкадағы буддисттік қауымдастықтарды да білдіреді.