Үндістан мен Қазақстан білім беру саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Үндістан мен Қазақстан білім беру саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Нью-Дели, 2025 жылғы 27 тамыз – Қазақстанның Үндістандағы Елшісі Азамат Есқараев Үндістанның Білім беру министрінің бірінші орынбасары Вайнит Джошимен кездесу өткізді.

Сұхбат барысында А. Есқараев Қазақстан мен Үндістан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 33 жыл толғанын, сондай-ақ екіжақты байланыстардың білім және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың нығаюымен ерекшеленетін атап өтті.

Сонымен қатар қазақ дипломаты Қазақстанды Орталық Азиядағы өңірлік академиялық хаб ретінде ілгерілетуге бағытталған кешенді бастама «Study in Kazakhstan» жобасының артықшылықтары туралы үндістандық тарапты хабардар етті.

Бұдан басқа Қазақстан Елшісі екіжақты қарым-қатынастың негізгі тірегі ретінде білім беру саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын және екі ел арасындағы академиялық бағыттағы бірлескен ғылыми бастамалар және студенттермен алмасу бағдарламалары арқылы жоғарғы оқу орындар арасындағы тікелей байланыстарды кеңейтуге мүмкіндіктің бар екендігін атап өтті. Осы орайда білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін үндістандық тарапқа өзара түсіністік туралы меморандум жасасу және оны іске асыру ұсынылды.

Өз кезегінде Министрдің бірінші орынбасары шетелдік студенттердің Үндістанның 160-тан астам жоғары оқу орындарына қабылдануға мүмкіндік беретін және 2600-ден аса оқу бағдарламаларын қамтитын «Study in India» онлайн порталы туралы хабардар етті.

Кездесу нәтижесінде тараптар білім беру саласында ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған шараларды іске асыруға уағдаластыққа қол жеткізді.