Найробиде ғарыш саласындағы Қазақстан-Кения ынтымақтастығының келешегі талқыланды

Найробиде ғарыш саласындағы Қазақстан-Кения ынтымақтастығының келешегі талқыланды

Найроби, 2025 жылғы 5 қыркүйек – Қазақстанның Кениядағы Елшісі, ҚР-дың Найробидегі БҰҰ бөлімшесі жанындағы Тұрақты өкілі Барлыбай Садықов Кения Ғарыш агенттігінің Бас директоры Хиллари Б.Кипгосгеймен кездесті.

Сұхбат барысында Бас директорға Қазақстан мен Кения арасындағы екіжақты ынтымақтастық, Қазақстандағы ғарыш қызметін дамыту, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ қызмет бағыттары, сәтті ұшырылған қазақстандық байланыс спутниктері, сондай-ақ Қазақстан ғарыштық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан спутниктік құрылыс саласындағы перспективалық жобалар туралы ақпарат берілді.

Сонымен қатар, тараптар «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ мен Кения Ғарыш агенттігі арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың келешегі, оның ішінде «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ қызметімен практикалық танысу үшін Кения делегациясының Қазақстанға сапарын ұйымдастыру, сондай-ақ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою мүмкіндігін талқылады.

Х. Б.Кипгосгей қазақ тарапын Кения ғарыш агенттігімен ынтымақтастыққа қызығушылық танытқаны үшін алғыс айтып, Кениядағы ғарыш саласын дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар, сондай-ақ осы салада қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы хабардар етті.

Кения тарапы Қазақстанмен ғарыштық технологияларды пайдалану және ұлттық ғарыштық әлеуетті арттыру арқылы экономиканың әртүрлі секторлары үшін деректер жинау мен өңдеу саласында ынтымақтастыққа мүдделі екенін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара мүдделі мәселелер бойынша іс-қимылды жалғастыруға, сондай-ақ ғарыш саласындағы ынтымақтастықты ілгерілету жөніндегі бірлескен шараларды талқылау үшін екі елдің тиісті құрылымдары арасында бейнеконференция форматында сарапшылар кездесулерін ұйымдастыру туралы уағдаласты.

Кения Ғарыш агенттігі 2017 ж. Кения Президентінің Жарлығына сәйкес мемлекеттік корпорация ретінде құрылды. Агенттікке ұлттық әлеуметтік-экономикалық даму игілігі үшін ғарыштық технологияларды пайдалануды кеңейту мақсатында ғарыш қызметін ынталандыру, үйлестіру және реттеу өкілеттігі берілген. Агенттік қызметінің негізгі бағыттарына ғарыштық технологияларды пайдалануда мүдделі тараптармен олардың мүмкіндіктерін арттыру бойынша өзара іс-қимыл, жергілікті ғарыш мүмкіндіктері мен инфрақұрылымын дамыту, ғарыш саясатын әзірлеу және іске асыру, ғарышқа қатысты мәселелер бойынша халықаралық ынтымақтастыққа жәрдемдесу, ғарыш қызметінің құқықтық және нормативтік базасын құру және ғарыштық технологиялар мен олардың артықшылықтары туралы ақпараттандыруды арттыру кіреді.