Афина қаласы, 2025 жылғы 4 қыркүйек – Грекия Республикасының Әділет министрлігінде Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин Грекияның Әділет министрі Георгиос Флоридиспен кездесті.
Кездесуде құқық саласындағы қазақ-грек ынтымақтастығының қазіргі ахуалы мен болашағын талқыланды. Атап айтқанда сот сараптамасы, цифрландыру, заң саласында жасанды интеллектті қолдану, сондай-ақ құқық қолдану мен нормативтік рәсімдерді автоматтандыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қазақстан тарапынан құқықтық жүйені жаңғырту жөніндегі бірқатар бастамалар таныстырылды. Олардың ішінде сот тәжірибесіне цифрлық платформаларды енгізу, «Digital Justice» жүйесінің жұмыс істеуі және құқықтық қызметтерге онлайн қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелері бар.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасында жүргізіліп жатқан әлеуметтік-саяси реформалардың негізгі бағыттары да сөз болды. Атап айтқанда, құқық үстемдігін нығайту, сот билігінің тәуелсіздігі кепілдіктерін арттыру, адам құқықтары институттарын реформалау, соның ішінде Конституциялық сот құру және Омбудсмен кеңсесінің институционалдық дамуы талқыланды.
Тараптар сарапшылар алмасу, тағылымдамалық іс-шараларды ұйымдастыру, сондай-ақ құқық саласында екіжақты келісім жобалары арқылы практикалық ынтымақтастықты нығайтудағы мүдделілігін растады.
Кездесу соңында азаматтардың құқықтарын қорғауға және құқық қолдану тәжірибесінің тиімділігін арттыруға баса назар аудара отырып, әділет саласындағы диалогты ілгерілетуге уағдаластыққа қол жеткізілді.