Вена, 2025 жылғы 29 тамыз – Венадағы БҰҰ бөлімшесінде Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдардың халықаралық күніне арналған тақырыптық іс-шара өтті. Іс-шараның бастамашылары – Қазақстан Республикасының Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігі, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымы (ЯСЖТШҰ) және БҰҰ Қарусыздану мәселелері жөніндегі басқармасы болды.
Іс-шара барысында Қазақстанның Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді сөз сөйледі. Ол Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдардың халықаралық күнін атап өту бастамасы Қазақстанға тиесілі екенін еске салып, 2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы бұл резолюцияны бірауыздан қабылдағанын атап өтті.
Сонымен қатар Елші Қазақстан мен ЯСЖТШҰ-ның ядролық қарудан азат бейбіт әлем құру ісіндегі берік ұстанымы Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен ЯСЖТШҰ Атқарушы хатшысы Роберт Флойдтың бірлескен мәлімдемесінде көрініс тапқанын жеткізді. Вена халықаралық мектебінің оқушыларына арнаған сөзінде ол жастарды ядролық сынақтардың жойқын салдары туралы білімді таратуға және жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жолындағы күш-жігерге белсенді қатысуға шақырды.
ЯСЖТШҰ Атқарушы хатшысы Р. Флойд өз сөзінде Қазақстанның жаһандық ядролық қарусыздану мен таратпау ісіне қосқан үлесін жоғары бағалады. Ол 1991 жылы Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы бүкіл әлемде ядролық сынақтарды тыйым салу жолындағы маңызды қадам болғанын атап өтіп, Қазақстан басшылығына халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы дәйекті саясаты үшін алғысын білдірді.
БҰҰ Қарусыздану мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Ребекка Джовин бұл күннің айрықша маңызын атап өтіп, ядролық сынақтардың толық тоқтатылуы ядролық қарудан азат әлем құру жолындағы негізгі элемент екенін баса айтты.