Марибор, 2025 жылғы 27 тамыз — Қазақстанның Словениядағы Елшісі Данияр Сарекенов Марибор университетінің ректоры Здравко Качич және «Alma Mater Europaea» университетінің ректоры Людвик Топлакпен кездесті. Кездесулердің негізгі тақырыбы жоғары білім және ғылым саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту.
Елші «Study in Kazakhstan» бағдарламасын таныстырып, Қазақстанды халықаралық академиялық хабқа айналдыруды көздейтін стратегиялық бастаманы ұсынды. Ол өзара тиімді серіктестікті жүзеге асыру үшін білім беру жобалары мен ғылыми зерттеулер аясында зор әлеует бар екенін атап өтті.
Диалог барысында тараптар оқу бағдарламаларын іске асыру, академиялық алмасу мен салалараралық зерттеулерде бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндіктерін талқылады. Әсіресе Қазақстан үшін басым бағыттар ретінде ауыл шаруашылығы, ядролық энергетика, химиялық өнеркәсіп, машина жасау, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект салаларындағы мамандарды даярлау мәселесіне айрықша көңіл бөлінді.
Профессор Качич Марибор университетінің Инновациялар орталығы сияқты ғылым мен индустрия арасындағы байланысты нығайтатын негізгі жобалар туралы баяндап, халықаралық ынтымақтастықты әрі қарай кеңейтуге және тәжірибе алмасуға дайын екендігін жеткізді.
Профессор Топлак та «Alma Mater Europaea» университеті Қазақстанның жоғары оқу орындарымен серіктестік қарым-қатынасты дамытуға мүдделі екенін растады.
Кездесудің соңында Қазақстанның дипломатиялық өкілі Словения университеттері делегациясының Қазақстанға іссапарын ұйымдастыруды ұсынды. Бұл қадам екі елдің академиялық қауымдастықтары арасында тікелей диалог орнатып, бірлескен оқу бағдарламалары мен ғылыми зерттеу жобаларын талқылауға мүмкіндік береді.