Бангкок, 2025 жылғы 27 тамыз – Қазақстанның Таиландтағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Таиланд Сыртқы істер министрлігінің Протокол департаментінің Бас директоры Чакрид Крачайвонгпен кездесіп, оған сенім грамоталарының көшірмелерін табыс етті.
Сұхбат барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйін талқылап, саяси диалогты әрі қарай дамытуға, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік, ауыл шаруашылығы, ғылыми және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды кеңейтуге өзара мүдделілік танытты.
Туризм және білім беру саласындағы екіжақты байланыстарды жандандырудың, сондай-ақ көлік-логистикалық қатынастарды кеңейтудің маңыздылығы аталып өтті. Бұл қадамдар қазақ-тай серіктестікті тереңдетудің жаңа мүмкіндіктерін ашады.
Ч. Крачайвонг Қазақстанның соңғы реформалардағы және өңірлік ынтымақтастықтағы жетістіктерін атап өтіп, Елшінің қызметі екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Кездесу соңында тараптар тұрақты байланыста болып, Қазақстан мен Таиланд арасындағы өзара тиімді серіктестікті дамыту ісінде ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.